
Жеңіс күні қарсаңында Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің дипломаттары Тверь облысының Ржев қаласында болып қайтты.
Еске алу рәсімі барысында олар 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының құрамында соғысқан қазақстандық сарбаздарға арналған мемориалдық кешенге гүл шоқтарын қойды. Ол 2010 жылы ашылып, Жеңістің 80 жылдығына орай қайта жаңғыртылған.
Сондай-ақ, қазақстандық делегация Кеңес солдаты мемориалына және Трубино ауылындағы бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойды. Мұнда 2000-ға жуық сарбаздың сүйектері жатыр. Қаза тапқан жауынгерлерді еске алып, рухына тағзым етілді.
Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Дәурен Абаев атап өткендей, қазақстандық жауынгерлер Ржев жеріндегі шайқастарда қаһармандық, батылдық пен табандылық танытқан. «Сол күндерді еске алу біздің халықтарымызды біріктіреді, кез келген сынақтар алдында бірлік пен ынтымақтастықтың күшін еске салады», – деп атап өтті ол және жергілікті билікке отандастарының ерлігі туралы естеліктің сақталғанына ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде Ржевск муниципалды округінің басшысы Роман Крылов біздің ата-бабаларымыз ортақ Отанды нацизмнен бірлесіп қорғағанын еске салды. Ол бүгінде халықтар арасындағы жылы қарым-қатынастың жалғасып жатқандығы қуантатынын айтты. Мәселен, өткен жылы 100-ші және 101-ші бригадалар атындағы №5 Ржев орта мектебінің оқушылары Қазақстанда болып, құрдастарымен кездесті, мемориалдық кешендерде болып, Жеңіс саябағында ағаш отырғызу рәсіміне қатысты.
Ржевск муниципалды округінің Трубино ауылының басшысы Сергей Орлов Ржев жерін қорғау мен жаудан босатуда қазақстандық әскери құрамалардың зор үлесін атап өтті. Бауырластар зираттарындағы мемориалдық тақталарда көптеген қазақ жауынгерлерінің есімдері бар, бұл бәріне ортақ Жеңіс болды, деп атап өтті ол.
Анықтама үшін:
Ржевтегі 100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадаларының қазақстандық жауынгерлеріне арналған мемориал «100-ші және 101-ші дербес атқыштар бригадасының жауынгерлері мәңгі жадымызда сақталады. Сіздерге алғысы шексіз қазақстандықтар атынан» деген жазуы бар гранит қабырғадан тұрады. Ескерткіш тақтаның оң жағында 1941 жылы атқыштар бригадалары жасақталған Алматы және Ақтөбе қалалары, сондай-ақ елорда Астана қаласы белгіленген Қазақстан картасы бар панно орнатылған. Мәрмәр тақталарда осы бригадалар қатарына Қазақстаннан шақырылған он мыңға жуық жауынгердің есімі қашалып жазылған.
Екі бригада да, сондай-ақ тағы алты қазақстандық құрама 1942-1943 жылдары Ржев түбіндегі «Марс» әскери операциясы кезінде ерлікпен шайқасқан. Ауыр шайқастарда олар жеке құрамның 80%-дан астамынан айырылса да, басқыншыларға Сталинград маңына әскери бөлімдерін жіберуге мүмкіндік бермеген. Ржев шебі Мәскеу үшін шайқаста ерекше рөл атқарды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-moscow/press/news/details/1214457?lang=kk

Жауап қалдыру