Райымбек батыр мемориалдық кешені 2026 жылдың соңына дейін ашылады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматыда Райымбек батыр кесенесі аумағында ірі мемориалдық кешеннің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоба тарихи тұлғаның ерлігін ұлықтап, ұлттық рухты күшейтуге және тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған.

Құрылыс жұмыстары жоспарға сай кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр. Нысандарды салумен қатар аумақты көркейту, көгалдандыру және инженерлік инфрақұрылымды дамыту қатар атқарылып жатыр. Болашақта кешен заманауи, жайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ.

Жоба барысымен танысу үшін қала әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов құрылыс алаңына барды. Мамандар атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жоспарын айтты. Кездесу барысында әкімнің орынбасары құрылыс сапасы мен қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселесін талқылап, мердігерлерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Кешен орналасатын аумақтың жалпы көлемі 41 сотық, ал құрылыс алаңы 1481 шаршы метр болады. Оның ішінде 846,7 шаршы метрі музейге арналған. Кешен құрамына ескерткіш, батырдың өмірі мен ерлігіне арналған көрме залдары, сондай-ақ мәдени және білім беру іс-шараларына арналған кеңістіктер енеді.

Музей заманауи үлгіде жасақталып, жасанды интеллект, мультимедиялық және интерактивті технология кеңінен қолданылады. Келушілер VR-турлар арқылы тарихи оқиғаларды сезініп, цифрлық көрме мен интерактивті таныстырылым арқылы тарихи-мәдени мұраны тереңірек танып-біле алады.

Сонымен қатар, интерактивті аймақтар да қарастырылған. Олардың қатарында VR негізіндегі «Ақылды садақ» және күшті өлшейтін «Батыр күші» кескіндемесі бар.

Қазір музей қорын жасақтау жұмыстары жүргізілуде. Кешенді пайдалануға беру 2026 жылдың соңына жоспарланған. Бұл жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеп, тарихи жадты жаңғыртуға және саналы ұрпақ тәрбиелеуге серпін береді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-madeniet/press/news/details/1214909?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді