
Семей қаласында жастар тәрбиесіне бағытталған ауқымды спорттық жүгіру жарысына 300-ден астам жас спортшы қатысты. Бұл тағылымды іс-шара салауатты өмір салтын насихаттаумен қатар, жас буынның бойында тәртіп, жауапкершілік және «Заң мен тәртіп» қағидаттарына адалдық сияқты маңызды құндылықтарды қалыптастыруға ықпал етеді.
Аталған жарыс – тек спорттық дода ғана емес, сонымен қатар жастар саясаты мен құқықтық тәрбиенің тиімді тетігі ретінде өз маңыздылығын айқын көрсетті. Қатысушылар өзара бәсекеге түсіп қана қоймай, ерік-жігерін шыңдап, мақсатқа жетудегі табандылық пен өзін-өзі бақылау дағдыларын жетілдірді. Мұндай қасиеттер болашақта заң талаптарын құрметтейтін, қоғамдық тәртіпті сақтайтын саналы азамат қалыптастырудың негізі болып табылады.
Іс-шара барысында Абай облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Жасұлан Байкенов жиынның мән-маңызын ерекше атап өтті:
«Бүгін біз спортты, рух күшін және жоғары адамгершілік құндылықтарды біріктіретін маңызды әрі шын мәнінде шабыт беретін іс-шараға жиналып отырмыз. Спорт — бұл өмір мектебі, онда мінез-құлық, тәртіп және айналаға деген құрмет қалыптасады.Бұл шараның ерекше маңыздылығы — жыл сайынғы жүгіру жарысының жастар тәрбиесіне арналуында. Тәрбие — қоғамымыздың болашағының негізі. Дәл осы жас кезеңде жауапкершілік, адалдық және заңға құрмет сияқты қағидалар қалыптасады. Ал бұл үдерісте спорттың атқаратын рөлі орасан зор».
Сонымен қатар, Полиция департаменті мұндай бастамалардың жастар арасында құқықтық сананы арттыруда, заң талаптарын құрметтеу мәдениетін қалыптастыруда және қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты нығайтуда ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Спорттық іс-шаралар арқылы жас ұрпақ бос уақытын тиімді пайдаланып, зиянды әдеттерден аулақ болып, салауатты әрі белсенді өмір салтын ұстануға бейімделеді.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1214023?lang=kk

Жауап қалдыру