Өскемен қаласының прокуратурасы халықпен жұмыс істеудің жаңа форматын іске асырды — заманауи құқықтық контент өндіруге бағытталған жеке медиаорталық құрылып, пайдалануға берілді.
Аталған бастама азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң мен тәртіпке деген тұрақты құрметті қалыптастыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың, ең алдымен жастар арасында, алдын алуға бағытталған.
Медиаорталықты құру цифрлық ортаның өзекті сын-қатерлеріне байланысты қолға алынды. Бүгінде ақпараттың басым бөлігі визуалды және интерактивті форматтар арқылы қабылданады, осыған байланысты құқықтық ақпаратты жеткізудің дәстүрлі тәсілдері жаңғыртуды талап етеді. Медиаорталық заманауи коммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, заңнама нормаларын жүйелі, жедел әрі қолжетімді түрде түсіндіру қажеттілігіне жауап болды.
Орталық жұмысы аясында түрлі форматтағы авторлық контент өндірісі жолға қойылды: бейнероликтер, мамандардың қатысуымен подкасттар, құқықтық бағдарламалар, сондай-ақ әлеуметтік желілерге арналған әлеуметтік және ақпараттық материалдар.
Жастардың өзін тартуға ерекше назар аударылды — түсірілімдерге, талқылауларға және әлеуметтік бастамаларға қатысу арқылы олардың жеке жауапкершілігін және құқықтық нормаларға саналы көзқарасын қалыптастыру көзделген.
Медиаорталық — аудиовизуалды контентті толық цикл бойынша (жазудан бастап монтаждау және жариялауға дейін) өндіруге мүмкіндік беретін техникалық аппараттық кешен. Жұмыс тұрақты түрде, жүйелілік және үздіксіздік қағидаттарын сақтай отырып жүргізіледі.
Контент өзекті күн тәртібін, құқық қолдану тәжірибесін және әлеуметтік тәуекелдерді талдау негізінде әзірленеді. Бұл буллинг, интернет-алаяқтық, есірткі құралдарының таралуы және өзге де құқық бұзушылықтар сияқты туындайтын қауіптерге уақтылы әрекет етуге мүмкіндік береді.
Өскемен қаласының прокуроры Руслан Әлішев: «Бүгінде профилактикалық жұмысты дәл қауіптер қалыптасып, таралатын ортада жүргізу маңызды. Медиаорталық — бұл халықпен, әсіресе жастармен, өздеріне жақын тілде тікелей әрі түсінікті диалог құру құралы. Біз жүйелі, заманауи және қолжетімді құқықтық ақпаратқа басымдық береміз».
Жоба «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында жүзеге асырылып, қоғамда құқыққа қарсы мінез-құлыққа төзбеушілік қалыптастыруға бағытталған.
Медиаорталықтың іске қосылуы прокуратура органдарының ашықтығын арттыру мен халықпен диалогты нығайту жолындағы маңызды қадам болып табылады.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuratura-vko/press/news/details/1214289?lang=kk

Жауап қалдыру