«Жағдайыңыз қалай?» – жол үстіндегі қауіпсіздікке жаңа көзқарас

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Абай облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары тек бақылау шараларымен шектелмей, алдын алу және адам факторына бағытталған кешенді форматта жүзеге асырылуда. Осы бағытта Омбы–Майқапшағай автожолының бойында полицейлер мен медицина қызметкерлерінің бірлескен профилактикалық рейді ұйымдастырылды.

Іс-шара барысында жолға шыққан көлік құралдары тоқтатылып, жүргізушілердің жағдайына ерекше назар аударылды. Сапардағы азаматтардың қан қысымы өлшеніп, жалпы денсаулық ахуалы медициналық тұрғыда бағаланды. Бұл бастама – жол қауіпсіздігінің тек ереже сақтаумен емес, адамның физикалық және психологиялық жай-күйімен де тікелей байланысты екенін айқындайды.

👮‍♂️Полицейлер әр жүргізушімен жеке профилактикалық әңгіме жүргізіп, жол ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау, қауіпсіздік белдігін тағу және мас күйінде көлік басқармау талаптарын еске салды. Сонымен қатар ұзақ жолдағы шаршаудың қауіптілігі нақты мысалдар арқылы түсіндіріліп, «шаршау – елемеуге болмайтын қауіп» екені ерекше атап өтілді.

Полиция мұндай шаралардың негізгі мақсаты – жүргізушіні тоқтату емес, оның қауіпсіз сапарын қамтамасыз ету. Себебі жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі немқұрайдылық пен шаршаудың салдарынан орын алады.

‼️Абай облысы Полиция департаменті барлық жүргізушілерге қарапайым, бірақ өмірлік маңызды қағиданы еске салады: жолға шығар алдында тек көлік құралын емес, өз жағдайыңызды да бағамдаңыз. Қажет болса, тоқтап демалыңыз. Себебі әр сапардың соңында сізді күтіп отырған жандар бар.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1214019?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді