БІРЛІК АУЫЛЫНДА ЖАҢАРТЫЛҒАН СТАДИОН ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛДІ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Мойынқұм ауданының 60 жылдық мерейтойы аясында Бірлік ауылында маңызды әлеуметтік нысан – ауылдық стадион күрделі жөндеуден өтіп, салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл – ауыл тұрғындары үшін көптен күткен қуанышты жаңалықтардың бірі.

Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Мойынқұм ауданының әкімі Ермек Карентаев арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы оқиғамен құттықтады. Сонымен қатар, шараға зиялы қауым өкілдері, ауыл ақсақалдары мен белсенді тұрғындар қатысып, ел игілігі жолындағы игі бастамаға ақ баталарын берді.

Айта кету керек, стадион Кеңес дәуірінде салынғанымен, уақыт өте келе әбден тозығы жеткен болатын. Жаңғырту жұмыстары барысында нысан толықтай қайта жөнделіп, заманауи талаптарға сай жабдықталды. Атап айтқанда, спорт алаңы жаңартылып, жүгіру жолдары төселді, көрермендерге арналған орындар ретке келтірілді және тұрғындардың спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалды.

Жаңартылған стадион енді тек ауыл жастарының ғана емес, барлық тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын ұстануына кең мүмкіндік береді. Бұл нысан ауылдағы бұқаралық спортты дамытуға тың серпін беріп, жас ұрпақтың дене шынықтыруға деген қызығушылығын арттыруға ықпал етпек.

Ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мерекелік шара барысында концерттік бағдарлама ұсынылып, ұлттық және заманауи билер орындалды. Сонымен қатар, түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жергілікті спортшылар өз шеберліктерін көрсетті. Бұл өз кезегінде ауыл тұрғындарына ерекше көңіл-күй сыйлап, мерекелік атмосфераны күшейте түсті.

Жаңартылған стадион – тек спорттық нысан ғана емес, ауылдың әлеуметтік өмірінің маңызды бөлігіне айналатын орталық. Бұл игі бастама – ауыл инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нақты нәтижесі. Алдағы уақытта мұнда түрлі спорттық іс-шаралар өткізіліп, жаңа чемпиондар тәрбиеленеді деген сенім мол.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/zhambyl-moyynkum/press/news/details/1215193?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді