
Елордадағы Сервис және туризм колледжі базасында «Табиғаттан – мамандыққа: жасыл бастамалар» атты фестиваль-көрме өтті. Іс-шара жастардың экологиялық мәдениетін дамытуға, кәсіби бағдар беруге және шығармашылық әлеуетін ашуға бағытталды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальдің басты мақсаты – жас ұрпақтың қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру және тұрақты даму қағидаттары арқылы заманауи мамандықтармен таныстыру.
Ұйымдастырушылар іс-шараның ерекшелігі ретінде экологиялық тәрбиені кәсіби бағдармен ұштастырғанын атап өтті. Қатысушылар экологиялық бастамалармен танысып қана қоймай, тұрақты даму қағидаттарының флористика, ландшафттық дизайн, туризм, қоғамдық тамақтандыру және техникалық мамандықтар сияқты түрлі салаларда қалай қолданылатынын көрді.
«Фестиваль экологиялық тәрбиені колледж мамандықтарын тәжірибе жүзінде таныстырумен ұштастырады. Мұнда экология жастардың болашақ кәсіби қызметімен тікелей байланыстырылған», – деді ұйымдастырушылар.
Іс-шара аясындағы маңызды бастамалардың бірі – EcoLab жобасының іске қосылуы болды. Жоба №61 «Шолпан» балабақшасымен бірлесіп жүзеге асырылады. Ол мектепке дейінгі жастағы балалардың экологиялық мәдениетін табиғатпен және экологиялық технологиялармен тәжірибе арқылы таныстыруға бағытталған. Жоба аясында тәрбиеленушілер жылыжайларда жұмыс істеп, өсімдік отырғызуға қатысып, олардың өсуін бақылай алады. Бұл жұмыстарға «Орман шаруашылығы» мамандығының студенттері жетекшілік етіп, өз білімдерін тәжірибеде қолданады.
Сонымен қатар, қонақтардың қызығушылығын студенттердің болашақ мамандықтарда экологиялық тәсілдерді қолдануын көрсеткен экожобалары, сондай-ақ құрғақ гүлдермен жұмыс істеу және хош иіс әзірлеу бойынша шеберлік сабақтары тудырды.
Фестиваль мектеп оқушылары мен студенттер үшін маңызды кәсіби бағдар алаңына айналды. Қатысушылар оқу бағыттарымен танысып, оқытушылармен пікір алмасып, түрлі мамандықтарда өздерін сынап көрді.
Осындай іс-шаралар экологиялық саналы ұрпақты қалыптастыруға және жастар арасында «жасыл» мамандықтарды дәріптеуге ықпал етіп, білім беру, экология және кәсіби дамуды тұрақты болашақтың біртұтас тұжырымдамасына біріктіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1215339?lang=kk

Жауап қалдыру