
Қоғамның берік іргетасы – отбасы десек, сол іргетастың сапасы ең алдымен бала тәрбиесіне байланысты. Бүгінде осы маңызды бағытты күшейту мақсатында еңбек ұжымдарында ата-аналар жиналыстары ұйымдастырылып, қоғам мен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға ерекше мән берілуде.
Аталған кездесулерге әдістемелік-психологиялық қолдау орталығы, отбасын қолдау орталығы, прокуратура және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, ата-аналармен ашық диалог алаңын қалыптастыруда. Бұл – тек ресми жиын ғана емес, бала болашағына алаңдаған түрлі сала мамандары мен ата-аналардың ортақ пікір алмасу алаңы.
Іс-шаралар ағымдағы жылдың 3 сәуірінде Батыс Қазақстан облысы прокуратурасында өткен кеңейтілген алқа отырысының хаттамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Нақтырақ айтқанда, прокурор Н. Ұласбекұлының төрағалығымен өткен жиында берілген тапсырмалар аясында еңбек ұжымдарында ата-аналармен жүйелі кездесулер өткізу қолға алынған.
Осындай мазмұнды жиындардың бірі 5 мамыр күні World Green Company мекемесінде өтті. Кездесуге облыстық әдістемелік-психологиялық қолдау орталығының директоры Ләззат Есенова, қалалық білім беру бөлімінің басшысы Алия Кайржанова және Орал қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Ақтілек Маратова қатысып, өз салалары бойынша маңызды ақпараттармен бөлісті.
Жиналыс барысында бала тәрбиесіндегі отбасының рөлі кеңінен талқыланды. Мамандар ата-аналарға жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, интернет пен әлеуметтік желілердегі қауіп-қатерлерден қорғану жолдары туралы нақты мысалдармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, жазғы демалыс кезеңінде балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі ерекше назарға алынды.
Сонымен қатар жиындарда ата-аналарға психологиялық қолдау көрсету, бала мен ата-ана арасындағы сенімді қарым-қатынасты қалыптастыру, буллинг пен зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында практикалық кеңестер берілуде. Мұндай мазмұндағы ақпараттар ата-аналар үшін аса өзекті әрі пайдалы екені анық.
Айта кету керек, бұған дейін де осындай кездесулер «КазИИТУ» ғылыми-білім кешенінде, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында, «Батыс АвиГип» медициналық орталығында және өзге де мекемелерде ұйымдастырылып, ата-аналар тарапынан жоғары бағасын алған.
Жалпы, еңбек ұжымдарында өтіп жатқан бұл жиналыстар – қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесе шешуге бағытталған маңызды қадам. Отбасы мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы мұндай өзара іс-қимыл балалардың қауіпсіз әрі жарқын болашағын қамтамасыз етудің тиімді жолдарының бірі екені сөзсіз.
Ата-аналар жиналыстары 29 мамырға дейін жалғасып, алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп күтілуде.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/bilim-oral/press/news/details/1215777?lang=kk

Жауап қалдыру