
Төтенше жағдайлар жүйесіндегі дәрігердің жұмысы тек жоғары кәсібилікті ғана емес, сонымен қатар үлкен төзімділікті, жанқиярлықты және кез келген сәтте көмекке келуге дайын болуды талап етеді. Осындай мамандардың бірі — Павлодар облысы бойынша «ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығы» ММ филиалының шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің дәрігері Владимир Иванович Малыхин.
Қызмет жылдары ішінде ол өзін жоғары санатты білікті дәрігер, жауапты әрі сауатты маман ретінде көрсете білді. Ол ең күрделі жағдайларда да жедел шешім қабылдай алады. Әріптестері оның сабырлылығын, шыдамдылығын және адамдарға деген құрметін ерекше атап өтеді. Шұғыл медицина дәрігерінің жұмысы әрдайым үлкен жауапкершілікпен байланысты.
Владимир Иванович төтенше жағдайлардың медициналық-санитарлық салдарын жою жұмыстарына қатысып, түрлі сипаттағы оқиғаларға шығып, зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді. Филиалда қызмет еткен уақытында ол шамамен 400 жедел шақыртуға шығып, 700-ге жуық адамға білікті көмек көрсеткен. Дәрігер трассалық медициналық-құтқару пункттерінің жас мамандарын даярлауға ерекше көңіл бөледі. Ол жас дәрігерлерге диагностика жасау, шұғыл көмек көрсету және госпитальға дейінгі кезеңде науқастарды жүргізу дағдыларын жетілдіруге көмектеседі.
Көпжылдық тәжірибесіне және қызметтің күрделілігіне қарамастан, Владимир Иванович ешқашан шаршағанын немесе алаңдағанын білдірмейді. Ол әрбір зардап шегушіге жеке тәсіл тауып, қиын сәтте қолдау көрсетіп, сенім ұялата біледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/emer-pavlodar/press/news/details/1215779?lang=kk

Жауап қалдыру