ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ – ЕЛДІККЕ ТАҒЫЛЫМ

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ел тыныштығы мен бейбіт өмір – оны күзеткен ерлердің ерен еңбегінің жемісі. Отан алдындағы борышын адал атқарып жүрген азаматтарға құрмет көрсету – әрбір қоғамның парызы. Шымкентте 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Салтанатты кеш барысында ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етіп жүрген азаматтарға алғыс білдіріліп, жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып жүрген бірқатар жас марапатталды. Бұл – ұрпақтар сабақтастығы мен патриоттық тәрбиенің айқын көрінісі болды.

Іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар өздерінің жүрекжарды тілектерін білдірді. Солардың қатарында «Қарулы Күштер ардагерлері» РҚБ Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Шымкент қаласының Құрметті азаматы, отставкадағы полковник Серікбай Онбаев сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтады.

– Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Қуатты армия тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстанның келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін!, –деді Серікбай аға.

Ядролық сынақтар мен әскери жаттығуларға қатысқан, Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген ардагер Дүйсенбек Дәрібаев және Желтоқсан оқиғасы ардагері Сапаралы Мырзабеков жастарға тағылымды әңгімелер айтып, патриоттық рух сыйлады.

Кеш соңы әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ән мен жыр, жүрекке жеткен сөздер арқылы Отанға деген сүйіспеншілік пен құрмет айқын сезілді.
Бұл мерекелік іс-шара ел қорғаған ерлерге тағзым жасап қана қоймай, жас ұрпақтың бойына патриоттық рух дарытқан тағылымды кездесу болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1215189?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді