
7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күніне орай Мақтаарал ауданында тағылымы мол, патриоттық рухты көтеретін бірқатар салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылды. Бұл мерекелер – ел қорғаған ерлерге құрмет көрсетіп, бейбіт өмірдің қадірін ұғындыратын маңызды күндер ретінде кеңінен аталып өтті.
Мерекелік шаралар ең алдымен аудан орталығындағы «Даңқ» аллеясында бастау алды. Аталған іс-шараға аудан әкімі Бақыт Асанов бастаған құқық қорғау органдарының басшылары, әскери бөлім өкілдері, тыл ардагерлері, Ауған соғысының ардагерлері, аудандық мәслихат депутаттары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, дербес бөлім басшылары, мектептердегі әскери-патриоттық ұйымдар мен аудан тұрғындары қатысты.
Жиналған қауым Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан боздақтар мен ел тыныштығы жолында жанын қиған батырларды бір минут үнсіздікпен еске алып, Мәңгілік алау ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Батырлар рухына иіле тағзым етті. Бұл рәсім – ұрпақтар сабақтастығы мен тарихи жадының сақталуының айқын көрінісі болды. Іс-шара соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, тағзым рәсімін қорытындылады.
Мерекелік бағдарламаның жалғасы аудандық мәдениет үйінде өтті. Салтанатты жиын Қазақстан Республикасының Әнұранымен ашылып, ерекше рухта басталды. Аудан әкімі Бақыт Асанов жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, Отан қорғаушылар мен ардагерлердің ел тарихындағы орны мен еңбегіне ерекше тоқталды. Ол өз сөзінде бейбіт өмір мен тұрақтылықтың қадірін атап өтіп, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңыздылығын жеткізді.
«Мақтаарал ауданының талай ұл-қыздары да осы соғыста ерлік көрсетіп, ауданымыздан бірнеше Кеңес Одағының батырлары шықты. Ал тылда қалған үлкендер мен балалар күндіз-түні жұмыс істеп, майданды азық-түлікпен, киіммен және басқа да материалдармен қамтамасыз етті. Сол кездегі халықтың ынтымағы мен жанқиярлық еңбегі – бүгінгі ұрпаққа өшпес үлгі, ұмытылмас тарих! Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі батырлардың жанқиярлық ерлігінің нәтижесі. Сондықтан, олардың аманатына адал болу, тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтау – баршамыздың қасиетті борышымыз» – деді, Бақыт Насырханұлы.
Салтанатты жиын барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, құқық қорғау мен әскери салаларда табысты еңбек етіп жүрген бірқатар азаматтарға аудан әкімінің алғыс хаттары табысталды. Бұл – олардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет пен ризашылықтың белгісі болды.
Іс-шара аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Сахна төрінде патриоттық әндер мен соғыс жылдарын еске түсіретін әсерлі музыкалық туындылар орындалып, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Өнерпаздардың орындауындағы әрбір ән мен көрініс ел қорғаған батырлардың ерлігіне тағзым ретінде қабылданды.
Жалпы, ұйымдастырылған іс-шаралар жоғары деңгейде өтіп, аудан тұрғындарының бойында патриоттық сезімді нығайтып, тарихи жадыны жаңғыртуға зор үлес қосты.
(с) Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-maktaaral/press/news/details/1215476?lang=kk

Жауап қалдыру