
Құрметті Ақтөбе облысының тұрғындары!
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі және оның ведомствосы — Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті мүгедектікті белгілеудің негізділігіне, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындауға және әлеуметтік қолдау шараларын тағайындауға тұрақты түрде жүйелі мониторинг жүргізіп келеді.
Бұл талдау медициналық-әлеуметтік сараптамаға түсетін құжаттар негізінде, сондай-ақ медициналық ақпараттық жүйелермен интеграция арқылы жүзеге асырылады.
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде республика бойынша медициналық құжаттарды қолдан жасау белгілері бар фактілер анықталды.
Атап айтқанда, бірдей мазмұндағы құжаттарды әртүрлі пациенттердің атына рәсімдеу, зертханалық көрсеткіштердің, анамнездің және дәрігерлік қорытындылардың толық сәйкестігі, сондай-ақ тек пациенттің деректері мен тексеру күндерін өзгертіп, мазмұнын сол күйінде қалдыру сияқты заңбұзушылықтар орын алған.
Мұндай жағдайлар жүйелі сипатқа ие және медициналық-әлеуметтік сараптамаға жолдау кезінде типтік медициналық құжаттарды қолдану ықтималдығын көрсетеді.
Қазіргі таңда республика бойынша осындай 167 факт анықталған.
Аталған деректер бойынша уәкілетті органдар тарапынан кешенді шаралар қабылдануда:
бақылау қайта куәландыру жүргізілуде, материалдар құқық қорғау органдарына, соның ішінде прокуратура және экономикалық тергеп-тексеру департаменттеріне жолданды, әлеуметтік төлемдер тоқтатылды, ал заңбұзушылықтар расталған жағдайда бұрын қабылданған шешімдер қайта қаралады.
Ерекше атап өткім келеді: Ақтөбе облысында мұндай заңбұзушылық фактілері тіркелген жоқ.
Сонымен қатар, бұл жағдай — босаңсуға негіз емес. Бұл мәселе департаменттің тұрақты бақылауында. Біз алдағы уақытта да алдын алу және бақылау жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырамыз.
Негізгі мақсатымыз — медициналық-әлеуметтік сараптама жүйесінде ашықтықты, заңдылықты және әділдікті қамтамасыз ету.
Назарларыңызға рахмет!
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek-aktobe/press/news/details/1215153?lang=kk

Жауап қалдыру