
Қарағандыда ұрлықтың бірнеше дерегі ашылды: ұялы телефоннан бастап қымбат дискілерге дейін. Қарағандыда 54 жастағы жергілікті тұрғын ұрлықтың құрбаны болды. Оның өзі үшін құнды болған ұялы телефоны қолды болған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің арқасында күдікті «ізін суытпай» ұсталды. Ол жақын маңдағы ауылдардың бірінде тұратын 44 жастағы ер адам болып шықты. Жасырынып үлгермек болғанымен, алысқа ұзай алмады. Тергеу барысында күдікті ұялы телефонды ұрлағанын мойындап қана қоймай, күтпеген мәлімдеме жасады. Ол бұған дейін ешкімге белгісіз болған тағы бір қылмыс жасағанын айтты. Қыс мезгілінде ол жеке үйдің ауласына кіріп, үш дана қымбат титан дискін ұрлап кеткен. Полицейлер 29 жастағы жәбірленушінің жеке басын анықтап, дәлелдеме базасын нығайту жұмыстарын жалғастыруда. Қазіргі уақытта екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Полиция қызметкерлері күдіктінің өңір аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеруде.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-karaganda/press/news/details/1215454?lang=kk

Жауап қалдыру