
Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев Отан қорғаушылар күні қарсаңында Талғар ауданындағы «Арыстан» мамандандырылған лицейіне барды. Онда орта білім алумен қатар, әскери мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатқан жасөспірімдердің бірнеше ротасы сап түзеп, рет-ретімен қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде рухты жауынгерлік әндерді шырқаған күйі шерулетіп өтті. Сондай-ақ қоян-қолтық ұрыс әдістері мен жаттығу түрлерін көрсетті, – деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Облыс әкімі лицей ұстаздары мен шәкірттерін мерекемен құттықтады
– «Арыстан» мамандандырылған лицейі – мыңнан астам түлек тәрбиелеп шығарған білім ордасы. Бүгінде лицейді тәмамдаған түлектердің 356-сы Қазақстан Республикасының күштік құрылымдарында қызмет атқарып, ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосуда. Білім беру процесі заманауи технологияларға негізделген лицейде ақпараттық қауіпсіздік, цифрлық сауаттылық, робототехника және инженерлік ойлау бағыттарына ерекше көңіл бөлінген. Бұл – оқу ордасының сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі жоғары әлеуетін айқындайтын нақты көрсеткіш, – деген аймақ басшысы Алматы облысында жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру ісі жүйелі жолға қойылғанын жеткізді. Айтуынша, аймақтағы білім ордаларының базасында «Жас сарбаз» қозғалысы аясында 87 сынып пен 40 арнайы клуб жұмыс істейді. Онда 3 мыңнан астам өрен «Жас шекарашы», «Жас авиатор», «Жас десантшы» секілді бағыттар бойынша әскери іс негіздерін меңгеріп, саптық дайындықтың практикалық дағдыларын шыңдауда.
– Мемлекет басшысының еліміздің әр өңірінде «Бауыржан мектептері» үлгісімен әскери оқу орындарын ашу жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облысымызда ауқымды жоба қолға алынды. Еңбекшіқазақ ауданының Ащысай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп негізінде 300 орынды жаңа әскери мектеп-интернат ашуды жоспарлап отырмыз. Болашақта бұл мекеме «Арыстан» мамандандырылған лицейімен тығыз байланыс орнатып, озық тәжірибесіне сүйенетін болады. Алматы облысы Қарулы Күштеріміздің беделін арттыруға бағытталған әрбір бастаманы қолдап, өскелең ұрпаққа отаншыл тәрбие беруді әрдайым назарда ұстайды», – деді Марат Елеусізұлы. Сондай-ақ Отанды қорғау – адалдық пен жауапкершіліктің айқын көрінісі екенін айтып, сарбаздарға үлкен сенім білдірді.
Шара барысында облыс әкімі бір топ ұстаз бен лицей шәкірттерін Алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар оқу орнын аралап, оның жұмысымен танысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almobl/press/news/details/1215881?lang=kk

Жауап қалдыру