
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Ұлттық ұланның Өскемендегі 5518 әскери бөліміне барып, 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне арналған салтанатты шараға қатысты. Әскерилерді мерекемен құттықтап, марапаттау рәсімін өткізді.
«Армия – мемлекеттігіміздің мызғымас тірегі, ел тәуелсіздігінің сенімді кепілі. Сіздер қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты қызметті абыроймен атқарып келесіздер. Ұлттық ұланның сарбаздары Мемлекет басшысы, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жүктеген міндеттерді сапалы орындап, жоғары кәсібилік пен адалдықтың озық үлгісін көрсетуде. Заң талаптарын сақтау мен тәртіпті нығайту – тұрақты әрі дамыған қоғамның негізі», – деді аймақ басшысы.
Одан соң Нұрымбет Сақтағанов сарбаздардың жауынгерлік дайындығымен және техникалық жабдықталуымен танысып, бірге ас ішті. Шара барысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы генерал-майор Арман Жұмағалиев облыс әкіміне жауынгерлік жедел тобының ұрыстық тәртібін көрсетіп, отряд офицерлері арнайы жасақтың заманауи үлгідегі қаруларын, әскери киім үлгілерімен таныстырды.
Сондай-ақ аймақ басшысы әскери бөлімнің музейін аралап, құқықтық тәртіп әскерінің тарихына үңілді. Нұрымбет Сақтағанов естелік ретінде музейге қолөнер туындысын тарту етті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1215842?lang=kk

Жауап қалдыру