
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Ерлігі үшін» медалімен ШҚО ТЖД Өскемен қаласы №3 өрт сөндіру бөлімінің өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі Қанат Қапанов марапатталды.
Азаматтық қорғау аға сержанты Қанат Қапанов құтқарушылар қатарында 6 жылдан астам қызмет етіп келеді, көптеген ірі өртті сөндіруге бірнеше рет қатысты.
-2025 жылғы 5 қараша күні ол қызметтен тыс уақытта Қасым Қайсенов кентіндегі тұрғын үйдің төртінші қабатындағы пәтерден түтін шығып жатқанын байқайды. Көп ойланбастан, түтінге толы кіреберіске кіріп, пәтерге өтіп, 10 жастағы баланы сыртқа алып шығады. Іште тағы бір баланың қалғанын білген Қапанов қайтадан түтін басқан пәтерге кіреді.
Көру мүмкіндігі болмағандықтан, ол қолмен сипап жүріп, денсаулығында шектеуі бар баланы тауып, таза ауаға алып шығады. Одан кейін ол көршілерді қауіп туралы хабардар етіп, тұрғындардың бірімен бірге бірінші қабаттағы мүмкіндігі шектеулі адамды эвакуациялайды. Қанат Қапановтың батыл әрі сауатты әрекеттерінің арқасында адам өмірлері құтқарылды, – деді ШҚО ТЖД-да.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1215836?lang=kk

Жауап қалдыру