
Женева, 2026 жылғы 4 мамыр – Женева қаласындағы БҰҰ бөлімшесі мен басқа да халықаралық ұйымдар жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты өкілі Ержан Қазыхан Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нағайту жөніндегі жаһандық бастаманың негізін қалаушы алты мемлекеттің тұрақты өкілдері мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің Президенті Мирьяна Споляричтің қатысуымен үйлестіру кездесуін өткізді.
Кездесуді аша отырып, Қазақстанның Тұрақты өкілі халықаралық шиеленістің өсуі және қарулы қақтығыстардың гуманитарлық салдары жағдайында халықаралық гуманитарлық құқықты кеңінен сақтау өзектілігін атап өтті. Азаматтық халықты қорғау мәселесінде Жаһандық бастаманың бейтарап әрі біріктіруші платформа ретіндегі маңызы атап өтілді.
ХҚКК Президенті М.Сполярич Жаһандық бастаманы іске асыру барысы туралы ақпарат беріп, мемлекеттердің қолданыстағы халықаралық гуманитарлық құқық нормаларына бейілділігін растайтын мазмұнды ұсынымдар әзірлеудің маңызын атап өтті.
2026 жылғы 7 желтоқсанда Иорданияда өтетін Жоғары деңгейдегі конференцияға ерекше назар аударылды. Аталған конференция маңызды саяси оқиғаға айналып, халықаралық гуманитарлық құқыққа практикалық бейілділікті нығайтуға қосымша серпін береді деп күтілуде.
Кездесу соңында қатысушылар Иорданиядағы Жоғары деңгейдегі конференция қарсаңында тығыз өзара іс-қимыл мен одан әрі жұмысты үйлестіруді жалғастыру ниетін растады.
Анықтама: Халықаралық гуманитарлық құқыққа саяси бейілділікті нағайту жөніндегі жаһандық бастама 2024 жылғы қыркүйекте Халықаралық Қызыл Крест комитетінің бастамасымен және алты негізін қалаушы мемлекеттің – Бразилия, Қытай, Франция, Иордания, Қазақстан және Оңтүстік Африканың қолдауымен іске қосылды. Оның мақсаты – мемлекеттер арасындағы саяси диалогты ілгерілету және қазіргі заманғы қарулы қақтығыстар жағдайында қолданыстағы ХГҚ нормаларын неғұрлым тиімді қолдану бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу. Бүгінгі таңда Бастамаға 108 мемлекет қосылды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-geneva/press/news/details/1215858?lang=kk

Жауап қалдыру