Алаяқтардың жаңа айласы: Атырауда дропперлікке қатысты арнайы эксперимент өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда
Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында ірі сауда орталықтарының бірінде дропперлік әрекеттерге қатысты арнайы профилактикалық эксперимент өткізді.
 
Эксперимент барысында азаматтарға дропперлік схемалардың қалай жүзеге асатыны тәжірибе жүзінде көрсетілді. Атап айтқанда, сауда орталығында белгісіз қыз келушілердің біріне жақындап, туысына шұғыл түрде ақша аудару қажет екенін айтып, өз шотына 4 мың теңге аударып беруін және оның орнына қолма-қол ақша ұсынған. Кейіннен полиция қызметкерлері бұл әрекеттің интернет-алаяқтар жиі қолданатын тәсілдерінің бірі екенін түсіндіріп, мұндай жағдайда азаматтар байқамай заңсыз қаржылық операцияларға қатысушыға айналуы мүмкін екенін жеткізді.
 
Айта кетейік, жыл басынан бері облыс аумағында 350-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ал, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 232-1-бабы бойынша, яғни дропперлік әрекеттерге қатысты 5 қылмыстық іс сотқа жолданды. Бұл бағыттағы жұмыстар Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының тұрақты бақылауында.
 
Эксперимент барысында полиция қызметкерлері тұрғындарға бөгде адамдардың өтініші бойынша ақша аудармау, жеке банк деректерін үшінші тұлғаларға бермеу және күмәнді қаржылық ұсыныстардан бас тарту қажеттігін ескертті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-atyrau/press/news/details/1216908?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді