Қазақстан делегациясы 2-ші Наровал бейбітшілік диалогына қатысты

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Наровал, 2026 жылғы 5-6 мамыр – 2026 жылғы 5-6 мамыр күндері Наровал қаласында Пәкістанның Жоспарлау, даму және арнайы бастамалар жөніндегі федералдық министрі Ахсан Иқбалдың бастамасымен 2-ші Наровал бейбітшілік диалогы (2nd Narowal Peace Dialogue) өтті.

Іс-шара Пәкістан, Қазақстан, Сауд Арабиясы, Тунис, Марокко, Иордания және АҚШ елдерінен келген саясаткерлерді, ғалымдарды және теологтарды біріктірді. Атап айтқанда, форумға Марокконың бұрынғы Премьер-министрі доктор Саад Дин Әл-Отмани, Тунистегі Әз-Зәйтуна университетінің президенті проф. д-р Абдельлатиф Буазизи, Иорданиядағы Халықаралық ұстамдылық форумының Бас хатшысы Марван Авад Нуайран Әл-Фаруди, MAVERA қоры жанындағы Үнді субконтинентін зерттеу орталығының негізін қалаушы әрі төрағасы Абдулхамит Биришик, АҚШ-тағы Халықаралық Құран зерттеулері қауымдастығының (IQRA) президенті проф. д-р Сафи Каскас, Азия аймағындағы Иса Мәсіх шіркеуінің өкілі Келли Джонсон, Халықаралық ислам университетінің президенті проф. д-р Ахмад Саад Әл-Ахмед және басқа да тұлғалар қатысты.

Қазақстан тарапынан форумға Басқарма төрағасы Гүлсана Қожабай бастаған Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығының делегациясы қатысты.

Сонымен қатар, форумға құрметті қонақ ретінде Қазақстанның Пәкістандағы Елшісі Ержан Қыстафин қатысты.

Жалпы, қатысушылар бейбіт диалогты нығайтуға бағытталған аталған бастаманың өзектілігі мен маңыздылығын атап өтті.

Өз сөзінде Г.Қожабай қақтығыстардың алдын алу және мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті нығайту үшін тұрақты дінаралық диалогтың маңызын атап өтті. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі 20 жылдан астам уақыт ішінде жаһандық поляризация жағдайында да диалогты сақтауға мүмкіндік беретін бірегей алаңға айналғанын айтты. Сондай-ақ Халықаралық орталық климаттың өзгеруі және діни саладағы жасанды интеллект этикасы мәселелерін қоса алғанда, практикалық бастамалар бойынша жұмысты жалғастырып жатқаны атап өтілді.

Өз кезегінде Елші Е.Қыстафин Қазақстан мен Пәкістан осындай бастамаларды іске асыруда ежелден серіктес екенін атап өтті. Атап айтқанда, Пәкістан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезінің, сондай-ақ Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің белсенді қатысушысы болып табылады. Бұл құрылымдардың басты мақсаты – бейбіт диалогты нығайту.

Өз сөзінде Елші сондай-ақ қатысушыларды Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 3-4 ақпандағы Пәкістанға мемлекеттік сапарының негізгі қорытындылары туралы хабардар етіп, қол жеткізілген уағдаластықтарды және осындай жобаларды бірлесіп ілгерілету қажеттігін атап өтті.

Іс-шара аясында Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы мен Наровал университеті арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазақстан Елшілігі Наровал университетінің Вице-канцлері проф. д-р Мұхаммад Зия уль-Хаққа қазақстандық делегацияға көрсеткен қонақжайлығы және іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіреді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-islamabad/press/news/details/1216386?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді