Қосшы қаласында ҰОС ардагеріне құрмет көрсетілді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жеңіс күні қарсаңында Қосшы қаласында өңірдегі жалғыз Ұлы Отан соғысының ардагері Нұрқасым Әжітаевқа құрмет көрсету шарасы өтті. Майдангерді Жеңіс күнімен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтады.

Бүгінде Қазақстанда Ұлы Отан соғысының алпыстан астам ғана ардагері қалса, солардың бірі – Нұрқасым Әжітаев. 101 жылдық ғұмырында ол соғыстың ауыр кезеңдерін де, бейбіт еңбек жылдарын да бастан өткерді. 7 бала тәрбиелеп өсіріп, бүгінде немере-шөберелерінің қызығын көріп отыр. Кездесу барысында облыс әкімі ардагердің ел алдындағы еңбегіне ерекше тоқталды.

«Нұрқасым ағаға қандай құрмет көрсетсек те артық емес. Ол ел басына күн туған қиын кезеңде Отанын қорғады. Қиын-қыстау уақытта өз басын емес, халқын ойлаған жандар – жастар үшін үлкен өнеге. Нұрқасым Әжітаевич – үлкен әулеттің ақсақалы, ұрпағына тәрбие берген қадірлі жан. Оның өмір жолы – келер ұрпаққа үлгі», – деді Марат Ахметжанов.

Нұрқасым Әжітаев 1943 жылғы 15 қаңтарда Жаңасемей аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған. Новосібір қаласындағы мергендер мектебін тәмамдап, Курск шайқасындағы шешуші ұрыстарға қатысқан, Берлинді алуға атсалысқан. Сонымен қатар 293-атқыштар дивизиясы құрамында Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, 1945 жылдың қыркүйегіне дейін майдан шебінде болған. «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен, II дәрежелі Отан соғысы орденімен, Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков медалімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.

Өңір басшысы майдангерге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Алғыс хат, сондай-ақ ақшалай сертификат пен естелік сыйлық табыстады.

«Тірі болып, денсаулығымның жақсы екеніне Аллаға шүкір етемін. Мәскеуде де, Бейжіңде де, Сирияда да болдым. Көп қиындықты бастан өткердік. Болашақ ұрпақ мұндай ауыр күндерді көрмесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Алла бізге бейбіт өмір сыйласын», – деп ардагер жастарға ақ батасын берді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1216935?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді