
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Қабланбек ауылдық округінде жаңадан бой көтерген балалар ойын алаңшасының ашылу салтанатына қатысып, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналардың қатысуымен нысанның лентасын қиды.
Салтанатты іс-шараға аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, мәслихат депутаттары, ауыл тұрғындары және қоғам белсенділері қатысты.
Жиын барысында ауыл тұрғындары ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған мұндай әлеуметтік нысандар алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қабланбек елді мекенінде орналасқан балалар ойын алаңшасы ауыл тұрғындарының ұсынысы мен сұранысына сәйкес салынып, пайдалануға берілді. Заманауи үлгіде жабдықталған нысанда балалардың қауіпсіз әрі алаңсыз ойнауына барлық жағдай жасалған. Алаңшаға түрлі ойын құрылғылары, атап айтқанда, әткеншектер, сырғанақтар және дене шынықтыруға арналған элементтер орнатылған. Аталған нысанның құрылыс жұмыстарын жеке кәсіпкер Е. Қазыбеков жүзеге асырған. Жоба аудандық бюджет есебінен қаржыландырылды.
Жаңа инфрақұрылым ауыл балаларының бос уақытын тиімді өткізуіне, олардың денсаулығын нығайтып, салауатты өмір салтын қалыптастыруына мүмкіндік береді.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/turkestan-saryagash/press/news/details/1216975?lang=kk

Жауап қалдыру