Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – Ұлы Жеңіс мерекесіне орай Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда аянбай еңбек еткен ардагерлердің шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Аудан әкімі Азизхан Әзімханұлы елдің бейбіт өмірі мен бүгінгі тыныштығы жолында өлшеусіз еңбек сіңірген қарияларға құрмет көрсетіп, ізгі тілегін жеткізді.
Алдымен Жаңабазар ауылдық округінің тұрғыны, тыл ардагері Заузат Талипов ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, мерекемен құттықтады. Соғыс жылдарында жастайынан еңбекке араласқан Заузат ата саналы ғұмырын білім саласына арнап, 40 жыл ұстаздық қызмет атқарған қадірлі жан.
Сонымен қатар аудан әкімі Сабыр Рақымов ауылдық округінде тұратын тыл ардагерлері – ұзақ жылдар ұстаздық еткен Саттар Иманбеков ақсақал мен аяулы ана Шырбан Арыстанбекованың үйінде болып, құрмет көрсетті.
Кездесу барысында аудан басшысы тыл ардагерлеріне ел игілігі жолындағы еселі еңбегі мен өскелең ұрпаққа өнеге болар ғибратты ғұмыры үшін алғыс білдірді. Өз кезегінде қариялар ақ баталарын беріп, ел бірлігі мен тыныштығының баянды болуына тілектестік білдірді.
«Ер есімі – ел есінде» дегендей, тыл еңбеккерлерінің жанқиярлық ерліктері – кейінгі ұрпаққа үлгі, ел тарихындағы өшпес өнеге.
Жауап қалдыру