
Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Тұран ауданының 2026 жылдың алғашқы кезеңіндегі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері және алдағы жоспарлар жөнінде брифинг өтті.
Брифинг барысында Тұран ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Дәурен Балганов ауданның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына тоқталып, инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік желілерді жаңғырту және абаттандыру бағыттарында атқарылған жұмыстарды баяндады.
Оның айтуынша, Тұран ауданында инженерлік инфрақұрылым бойынша ауыз су мен электр қуатымен қамту деңгейі 100 пайызды құрайды. Табиғи газбен қамту көрсеткіші – 86,4%, ал кәріз жүйесімен қамту 59,1%-ға жеткен. Қазіргі таңда 13 шағын аудан кәріз жүйесіне қосылған болса, 9 шағын аудан әлі де қамтылмаған. Кәріз жүйесін дамыту мақсатында бірқатар көшелерде құрылыс жұмыстары жоспарланған. Сонымен қатар, 112 орамда кәріз жүйесінің жобасы әзірленіп, 2027–2028 жылдары құрылыс жұмыстары басталмақ.
Ауданда табиғи газбен қамту бағытында да жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Қазіргі таңда Жаңаталап, Құрсай және Айкөл шағын аудандарында газ құбырларын тарту жұмыстары басталған. Жоспар бойынша, 2027 жылы аудан толықтай табиғи газбен қамтылатын болады.
Жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында биыл 80 көшеде асфальт жамылғысын реттеу ұсынылған. Қазіргі таңда оның 25 көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Ал 2026 жылы 24 көшеге 21,8 шақырым жаяу жүргіншілер жолын салу жоспарланған. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары басталып кеткен. Аудандағы көшелер толықтай жарықтандырылған. Жарық шамдарының тұрақты жұмыс істеуі тиісті мекемелер тарапынан қадағаланып отыр.
Тұрғындардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін ауданда 427 балалар ойын алаңшасы мен 121 спорт алаңшасы бар. 2026 жылы қосымша 28 нысан, оның ішінде 18 балалар алаңшасы және 10 кешенді спорт алаңшасы салынбақ. Сонымен қатар, аула аумақтарын абаттандыру жұмыстары аясында резиналық жабындыларды ауыстыру, жарықтандыру орнату, асфальт төсеу және қоқыс жәшіктерін орналастыру жоспарланған.
Көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалмаған. Ауданда үш бірдей әмбебап демалыс орнын салу жоспарланып отыр.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/shymkent-ishki-sayasat/press/news/details/1216540?lang=kk

Жауап қалдыру