
Вашингтон, 2026 жылғы 3 мамыр – Қазақстан Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдері арасында АҚШ Үкіметінің негізгі инвестициялық форумдарының бірі – SelectUSA Investment Summit алаңында «Strategic Sectors and U.S. Market Entry Opportunities» тақырыбындағы инвестициялық дөңгелек үстел ұйымдастырған алғашқы мемлекет болды.
Іс-шараның негізгі бағыты қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығу мүмкіндіктерін ілгерілету және америкалық экономикаға инвестициялар тарту болды. Алғаш рет қазақстандық бизнес ауқымды делегациямен ұсынылып, АҚШ нарығындағы қатысуын кеңейтуге жоғары деңгейдегі қызығушылық танытқанын көрсетті.
Дөңгелек үстелді Central Asia Strategic Advisory (CASA) және QazTrade тарапынан Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшілігімен үйлестіру аясында, стратегиялық серіктес Freedom Holding Corp. қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға АҚШ-тың мемлекеттік органдарының, инвестициялық қауымдастықтарының және бизнес өкілдерінің 120-дан астам өкілі қатысып, екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытуға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетті.
Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Елшісі Магжан Ілиясов қазақстандық компаниялардың АҚШ нарығына шығуы немесе жақын болашақта шығуды жоспарлауы артып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстанның өңдеуші өнеркәсіп, инновациялық ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және азық-түлік өнеркәсібі сияқты кең ауқымды салаларды дамытып жатқанын, сондай-ақ қазақстандық бизнестің америкалық нарықта бәсекеге қабілеттілігін көрсетіп отырғанын жеткізді.
Қазақстан дипломатының айтуынша, дөңгелек үстел өткізу іскерлік байланыстар орнату, нақты инвестициялық жобаларды талқылау және ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындау үшін қосымша алаң қалыптастырды.
Қазақстандық кәсіпкерлер делегациясын бастап келген, АҚШ-тың Қазақстандағы Елшісі Джули Стаффт, америкалық нарықтың жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, оның ауқымдылығы, технологиялық әртүрлілігі және ресурстарға қолжетімділігіне назар аударды.
Дөңгелек үстел барысында АҚШ нарығында жұмыс істеп жатқан қазақстандық бизнес өкілдері халықаралық деңгейде кеңею, инвесторлармен өзара іс-қимыл және америкалық іскерлік орта талаптарына бейімделу бойынша практикалық тәжірибелерімен бөлісті. Атап айтқанда, іс-шара аясында Freedom Holding Corp., 1Thirty Holding, Eurasia Group Kazakhstan, Hero’s Journey және Call2Action сияқты жетекші қазақстандық компаниялар сөз сөйледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa-washington/press/news/details/1217021?lang=kk

Жауап қалдыру