«Ұлы жеңіске арналады!»: Астанада мерекелік концерт өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Астанада Жеңіс күніне орай «Ұлы жеңіске арналады!» атты мерекелік концерт өтті. Мерекелік шара Астана қаласы әкімдігі жанындағы қалалық алаңда өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің басты мақсаты – Отан үшін жанын қиған қаһармандарды еске алып, жас ұрпаққа бейбіт күннің қадірін түсіндіру.
Концерт шымылдығы Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы үрлемелі оркестрінің патриоттық шығармаларымен түрілді. Түрлі аспаптардың үні мен жанды дауыста орындалған әндер көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады. Майдан даласында сарбаздарға күш берген шығармалар да концерттік бағдарламадан тыс қалған жоқ.

Үрлемелі оркестрдің орындауында Жеңіс күнінің рухын сезіндіретін «День Победы» әні де шырқалды. Осы сәтте көрермен орнынан тұрып, әнді қосылып айтты. Бұл көрініс ерекше құрмет пен ілтипаттың белгісін көрсетті.

Салтанатты іс-шараға қала тұрғындары бір кісідей қатысты. Жиналған қауым бейбіт күнді сыйлаған батырларды еске алып, ұмытылмас ерліктерін дәріптеді.

Іс-шараға келген тұрғындар жанды дауыста шырқалған рухты әндерді тыңдап өзгеше әсер алғанын айтты.

«Астанада алты жыл тұрсам да, мұндай концертке алғаш рет келіп тұрмын. Сіңлімді де ерте келдім, екеуміз бірге келіп, концерттің басталу сәтін асыға күттік. Атмосферасы ерекше әсерлі, өнер мен тарихты қатар сезінуге мүмкіндік алдық.

Кейбір рухты әндерді тыңдай отырып, көзіме жас алдым. Бейбіт өмір сыйлаған ата-бабаларымыздың ерлігі үшін рақмет. Астана қаласының әкімдігіне осындай тағылымы терең, рухты іс-шара ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін. Жеңіс күні құтты болсын! Еліміздің аспаны әрқашан ашық болып, бейбітшілік пен береке салтанат құрсын», – деді Астана қаласының тұрғыны Гүлдана Ашықбайқызы.

Концертке жиналғандардың көпшілігі балаларын және немерелерін ертіп келген. Олар өскелең ұрпақтың тарихи Жеңіс туралы тереңірек біліп өскенін қалайды. Соғыс жылдарындағы әндер көрерменнің көңілін де толқытты. Жиналған жұрт терең әсерге бөленіп, көздеріне жас алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1217138?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді