
Облыс әкімі әрбір майдангерге мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке құттықтауын табыстап, бейбіт өмір мен жеңімпаз ұрпақтың ерлігі үшін шынайы алғысын білдірді.
Ертіс ауылында өңір басшысы аудандағы жалғыз соғыс ардагері, зенитші Анна Петровна Носованы құттықтады. Биыл қараша айында ардагер 103 жасқа толады. Асайын Байханов ардагерге мықты денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
Облыс әкімі елдің ерлік тарихының бір бөлігіне айналған павлодарлық майдангерлерге де ерекше құрмет көрсетті. Маусым айында 100 жасқа толатын Сергей Николаевич Выжутович екінші Беларусь майданындағы ұрыстарға қатысқан. Жеңістен кейін ұзақ жылдар бойы «Октябрь» зауытында токарь әрі шебер-прораб болып еңбек етті.
Жүз жылдық мерейтойын Василий Иванович Григораш та атап өтті. Ол Забайкалье әскери округінің 293-дивизиясында бөлімше командирі болған. Соғыстан кейінгі өмірін Павлодар локомотив депосындағы еңбекпен байланыстырып, өз ісіне адал жан ретінде үлгі көрсетті.
7 мамыр күні 99 жасқа толған Николай Андреевич Ступка да жылы лебіздер қабылдады. Соғыс жылдары Қиыр Шығыста қызмет еткен ол бейбіт кезеңде ұзақ жылдар «Промстрой» мекемесінде шебер болып жұмыс істеді.
Сычевка ауылында облыс әкімі қаңтар айында 100 жасқа толған Мария Алексеевна Матюшинамен кездесті. Соғыс жылдары ол қорғаныс бекіністерін салу жұмыстарына қатысып, жанқиярлық еңбегімен жеңісті жақындатуға үлкен үлес қосты.
Кездесулер барысында облыс әкімі ардагерлердің денсаулық жағдайын, тұрмыстық мәселелері мен қажеттіліктері жайында сұрады.
Қазіргі таңда Павлодар облысында Ұлы Отан соғысының бес ардагері тұрады.
– Біз үшін еліміздің тарихына айналған жандармен жүздесудің өзі зор мәртебе. Ардагерлермен әрбір кездесу – рухтың мықтылығы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің үлгісі. Олар бізге аманат еткен бейбітшілік пен келісімді сақтау – бүгінгі ұрпақтың ардагерлер алдындағы қасиетті борышы, – деді Асайын Байханов.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1217007?lang=kk

Жауап қалдыру