Жеңіс күніне орай Астанадағы ұшқыштар бөлімінде майдан жылдарының атмосферасы жаңғыртылды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Әуе қорғанысы күштерінің 19132 әскери бөлімінде қорғаныс ведомствосының басшысы авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов әскери қызметшілердің отбасыларының қатысуымен өткен Жеңіс күніне арналған іс-шараға қатысты. 

Халық қаһармандары армия генералы Мұхтар Алтынбаев, авиация генерал-майорлары Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов, Қарулы күштердің ардагерлері авиация генерал-майорлары Жиентай Сандыбаев пен Алсай Жұманов, генерал-майор Қайрат Садықов және басқалар мерекелік іс-шараның құрметті қонағы болды.

Майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігіне құрмет ретінде қорғаныс ведомствосының басшысы мен ардагерлер аумаққа ағаш көшеттерін отырғызды.

– Соғыс жылдарында 1 миллион 200 мыңнан астам қазақстандық майданға аттанды. Олардың жартысы майдан даласынан оралмады. Біз мұны ешқашан ұмытпауымыз керек. Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері аға буынның ерлігін лайықты жалғастырып келеді. Армияның миссиясы – еліміздің қорғаныс қабілетін нығайту және қазақстандықтардың бейбіт өмірін қорғау. Біз мұны абыроймен атқаруымыз керек, – деп атап өтті Қорғаныс министрі.

Іс-шара қонақтары ұшу және техникалық құрамдардың әскери киім нысандары көрмесімен, сондай-ақ қару-жарақ пен әскери техниканың заманауи үлгілерімен танысты. Бөлім аумағына қойылған ЕС-145 және Ми-171 тікұшақтары, Ан-72 және С-295 ұшақтары, Т-34 және Т-72 танктері, БМ-13 “Катюша” реактивті жүйесі, БТР-82 бронетранспортері, “Арлан” БКМ және т. б. балалар мен оқушылардың қызығушылығын тудырып, олардың фонында суретке түсті.

Іс-шараға қатысушылар үшін ауқымды бағдарлама ұйымдастырылды. Қол күресі, қазақ күресі, бокс, гір тасын көтеру, арқан тарту және белтемірге тартылудан жарыстар өтті. Жарыстан кейін қонақтар сарбаз ботқасынан дәм татты.

Қарулы күштер Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы көрермендерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Концерт бағдарламасында патриоттық композициялар мен соғыс жылдарындағы әндер болды. Құрмет қарауыл ротасының қойылымы көрермендердің ерекше қызығушылығын туғызды. Олардың іс-қимылдарындағы үйлесімділік пен саптық дайындықтың жоғары деңгейі таң қалдырды.

Ашық есік күні спорттық жарыстар мен асфальтқа сурет салу байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімімен аяқталды. Іс-шара ардагерлерге құрмет және Отан қорғаушы ұрпақтарының сабақтастығының символына айналды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mod/press/news/details/1217142?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді