Целиноград ауданында Ұлы Жеңіс қаһармандарының рухына тағзым жасалды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Ұлы Жеңістің 81 жылдығы қарсаңында Целиноград ауданының Ақмол ауылындағы Даңқ мемориалында салтанатты гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Тағылымды шараға аудан тұрғындары, ардагерлер, қоғам өкілдері мен жастар қатысып, жеңіс жолында жанын қиған батырлардың рухына құрмет көрсетті.

Жиналған қауым майдангерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерен ерлігі мен қажырлы еңбегін еске алып, олардың отансүйгіштігі мен қайсарлығы кейінгі ұрпаққа үлгі екенін атап өтті. Іс-шара барысында қаза болған боздақтарды еске алу мақсатында бір минут үнсіздік жарияланды.

Салтанатты жиында Целиноград ауданының әкімі Дарын Сабырғали сөз сөйлеп, Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ерлігі ел тарихында мәңгі сақталатынын айтты. Ол бейбіт өмір мен тәуелсіздіктің оңай келмегенін атап өтіп, аға буынның батырлығы жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеудің маңызды негізі екенін жеткізді.

Біз бүгін Отан үшін жанын қиған батырлардың алдында тағзым етеміз. Майдангерлердің ерлігі мен тыл еңбеккерлерінің жанкешті еңбегі — халқымыздың бірлігі мен рухының айқын көрінісі. Тарихқа құрмет көрсету — болашақ алдындағы ортақ жауапкершілігіміз, — деді аудан әкімі.

Мерекелік іс-шаралар аясында аудан әкімі ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің үйлеріне арнайы барып, оларды келе жатқан Жеңіс күнімен құттықтады. Құрмет белгісі ретінде ардагерлерге азық-түлік себеттері мен естелік сыйлықтар табысталды. Аудан басшысы аға буын өкілдеріне зор денсаулық, амандық пен ұзақ ғұмыр тілеп, ардагерлерге қамқорлық көрсету әрдайым басты назарда екенін атап өтті.

Шара соңында қатысушылар Даңқ мемориалына гүл шоқтарын қойып, соғыс қаһармандарына тағзым жасап, елге бейбіт өмір сыйлаған боздақтардың рухын құрметпен еске алды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola-selinograd/press/news/details/1217237?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді