
Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Жеңістің 81 жылдығына арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Абай облысының полиция қызметкерін ерекше атап өтті. Ол қызметтік борышына адалдығы, батылдығы мен жанқиярлығы үшін марапатталды.
Жоғары ведомстволық награда Абай облысы Полиция департаментінің Ақсуат аудандық полиция бөлімінің аға криминалисі Бақытбек Лияскановқа табысталды. Дәл осы полицей биыл көктемде далада жоғалып кеткен үш жасар баланы құтқарып қалған еді.
Бұл оқиға 8 сәуір күні Ақсуат ауданында болған. Кішкентай бала үй ауласынан байқатпай шығып кетіп, із-түзсіз жоғалып кеткен. Алғашында жақындары өздері іздегенімен, кейін полициядан көмек сұраған.
Дабыл түскен сәттен бастап полиция қызметкерлері кең даладан шұғыл түрде іздей бастайды. Уақыттың әр минуты маңызды екенін бәрі түсінді.
Бірнеше сағаттан кейін баланы дәл Бақытбек Лиясканов тапты. Ол атпен іздеуге шығып, ауылдан алыс жерде жалғыз жүрген баланы байқап қалған.
Құтқару сәтінің видеосы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен тарады. Бейнеде полицей баланы көргендегі қуанышын жасыра алмай:
— «Айналайын, келе ғой…» — деп шақырады.
Бұл қарапайым сөздер адамгершілік пен үміттің, халыққа адал қызмет етудің символына айналды.
Бала ауылдан шамамен үш шақырым жерде табылды. Абырой болғанда, оған ешқандай зиян келмеген. Кейін баланың анасы өміріндегі ең ауыр сәттерді бастан өткергенін айтып, полиция қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Бүгінде бұл оқиға ерекше жалғасын тапты — полицейдің ерлігі ең жоғары мемлекеттік деңгейде бағаланды.
Бұл марапат — тек бір қызметкердің ерлігі ғана емес, сондай-ақ кез келген уақытта азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі үшін өздерін қатерге тігетін барлық қазақстандық полицейлердің күнделікті еңбегіне берілген баға.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-abay/press/news/details/1217307?lang=kk

Жауап қалдыру