450 адам бұл күнді өмір бойы ұмытпайды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Жол-көлік оқиғаларын көбіне күтпеген, алдын алуға келмейтін жағдай деп қабылдаймыз. Алайда көптеген қайғылы оқиғалар кездейсоқтықтан емес, жол қозғалысы ережелерін бұзу, асығыстық, немқұрайлылық пен жауапсыздық салдарынан орын алады.
Жыл басынан бері Жетісу облысында 260 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Соның салдарынан 21 адам қаза тауып, тағы 450 адам түрлі дене жарақаттарын алған. Бұл — жай ғана статистика емес. Әр санның артында адам тағдыры, қайғы мен орны толмас өкініш тұр. 21 адам енді ешқашан жақындарының қасына оралмайды. Ал 450 адам олардың өмірін «дейін» және «кейін» деп бөлген сол күнді мәңгі есте сақтайды.
Бұл қайғылы жағдайлардың алдын алуға болар ма еді? Көп жағдайда — иә. Кейде тек бір ғана қарапайым әрекет жеткілікті: қауіпсіздік белдігін тағу, жылдамдықты асырмау, жол беру, шаршаған немесе мас күйде көлік тізгініне отырмау, телефонға алаңдамау.
— «Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады. Адам өміріне қатысты “ұсақ” құқық бұзушылық болмайды. Жол қозғалысы ережелерін сақтау — бұл жай талап емес, өзіңе, жақындарыңа және айналаңдағы адамдарға деген құрмет. Тек ортақ жауапкершілік пен тәртіп қана жолдағы қайғылы жағдайларды азайтып, адам өмірін сақтауға көмектеседі», — деп атап өтті полицияның баспасөз қызметі.
Қауіпсіздік мәдениеті күн сайын қалыптасады — әрбір жүргізушіден, жолаушыдан және жаяу жүргіншіден басталады. Жолдың қауіпсіз орынға айналуы немесе кезекті қайғылы оқиға орнына айналуы — біздің әрбір шешімімізге байланысты.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhetysu/press/news/details/1218057?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді