
Елордадағы «Думан» спорт кешенінде көркем гимнастикадан спорт шеберлері арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, жарыстың алғашқы кезеңдері басталды. Дода 12-14 мамыр аралығында өтеді. Ел біріншілігіне Қазақстанның 14 өңірінен келген спортшылар қатысып жатыр.
Жарыс жеке және топтық жаттығулар бойынша өтеді. Гимнастар шығыршық, доп, таспа және шоқпармен өнер көрсетсе, топтық жаттығуларда бірнеше композициялық бағдарлама ұсынылады.
Чемпионаттың өту тәртібі туралы бас төреші Зарина Абдулкаримова айтып өтті.
«Қазақстан Республикасының чемпионатына еліміздің 14 өңірінен спортшылар қатысып жатыр. Жарысқа жеке бағдарлама бойынша 68 гимнаст пен топтық жаттығулар санатында 21 команда қатысып жатыр.
Чемпионат үш күнге жоспарланған. Алғашқы екі күнде іріктеу кезеңдері өтеді.
Ал үшінші күні жеке бағдарлама және топтық жаттығулар бойынша финалдар ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасының чемпиондары анықталады», – деді бас төреші.
Чемпионатқа қатысып жатқан спортшылардың қатарында халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген ұлттық құрама гимнастшылары да бар.
Олардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің №1 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінің гимнасты Айзере Кеңес.
«Мен көркем гимнастикамен 6 жасымнан бастап айналысамын. Қазір 18 жастамын. Өткен жылы Сингапурда өткен 25-ші Азия чемпионатында тарихи алтын медаль жеңіп алдық.
Қазақстан чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылады, біз оның барлығына қатысып келеміз. Сонымен қатар әлемдік турнирлерде де өнер көрсетіп жүрміз. Екі жыл бұрын спорт шебері атағын алдым. Біз топтық бағдарламада өнер көрсетеміз. Команда құрамында 6 адам болғанымен, кілемге 5 гимнаст шығады», – деді Айзере Кеңес.
Айта кету керек, чемпионат қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер 14 мамыр күні марапатталады.
Ел біріншілігі – көркем гимнастиканы дамытуға, спортшылардың шеберлігін арттыруға және халықаралық жарыстарға үздіктерді іріктеуге бағытталған маңызды республикалық дода.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1218111?lang=kk

Жауап қалдыру