12-13 мамыр күндері аралығында елорда екінші мәрте IBSA JUDO GRAND PRIX ASTANA пара дзюдо бәсекесін қабылдап жатыр.
Жарыс Халықаралық зағиптар спорт ассоциациясы(IBSA) ұйымдастыруымен өтеді және турнирде 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін Паралимпиадаға маңызды рейтингтік ұпайлар сарапқа салынады. Жаһандық додаға әлемнің 24 елінен келген 150-ге жуық үздік спортшы тіркелді.
Ашылу салтанатына ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, Халықаралық зағиптар спорт ассоциациясының (IBSA) атқарушы директоры Руфат Хаджили, Zhanykulov Foundation жеке қорының басшысы және Қазақстанда пара дзюдо спортының дамуына белсене қолдау көрсетіп жүрген меценат Жұмабек Жанықұлов қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Дзюдо – Қазақстанда қарқынды дамыған спорт түрі. Еліміздің балуандары талай дүбірлі додада топ жарып, көк туымызды көкке желбіреткенін білесіздер! Сол бір жарқын жеңістер талай қазақстандыққа үлгі болды, жігер сыйлады. Бүгінгі дүбірлі дода соның айқын дәлелі. Пара дзюдодан Гранд-при мәртебесі жағынан ең ауқымды жарыс болып саналады»,-деді Руслан Бақыттыұлы.
Жаһандық додада 8 салмақта жүлде жиынтығы сарапқа салынады. Ерлер 70, 81, 95, +95 келіде белдесетін болса, әйелдер 52, 60, 70, +70 келіде жүлдеге таласады.
Қазақстан ұлттық құрамасы жарысқа барлық салмақ дәрежесі бойынша бірінші нөмірлі спортшылармен қатысады. Ел намысын Зарина Райфова, Жұрқамырза Шүкірбеков, Құлмырза Бексұлтан, Ғалымжан Смағұлұлы, Альфия Тлекқабыл сынды тәжірибелі спортшылар қорғайды. Қазақстан құрамасынан 24 спортшы белдеседі.
Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/sport/press/news/details/1218024?lang=kk

Жауап қалдыру