
2026 жылғы 8 мамырда Маңғыстау облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің тәуекелдерді бағалау, мониторингілеу және талдау бөлімі аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының жауапты мамандарына арналған «FAST Супербатырлар» бағдарламасы бойынша оқыту семинарын өткізді.
Семинардың басты мақсаты – өңірде «FAST Супербатырлар» бағдарламасын тиімді енгізу және іске асыру жолдарын түсіндіру, балалар мен жасөспірімдер арасында инсульттің алғашқы белгілерін ерте тану дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ тұрғындардың денсаулыққа қатысты сауаттылығын арттыру бағытындағы ақпараттық жұмыстарды жетілдіру болды.
Іс-шара барысында қатысушыларға бағдарламаның маңызы мен негізгі бағыттары жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар, білім беру ұйымдарында профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудың тиімді тәсілдері ұсынылды. Мамандар инсульттің алғашқы белгілерін уақытылы анықтау және жедел әрекет ету алгоритмдерімен танысты.
Семинарда халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылатын «FAST» қағидаты егжей-тегжейлі түсіндірілді:
- Face (Бет) – бет әлпетінің өзгеруі немесе қисаюы;
- Arm (Қол) – қолдың әлсіреуі немесе қозғалысының бұзылуы;
- Speech (Сөйлеу) – сөйлеудің қиындауы немесе түсініксіз болуы;
- Time (Уақыт) – уақытты жоғалтпай, шұғыл медициналық көмекке жүгіну қажеттілігі.
Семинар барысында Департаменттің аумақтық басқармаларының жауапты мамандарын бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттау, әсіресе мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша нақты ұсыныстар берілді. Бұдан бөлек, көрнекі материалдарды пайдалану, профилактикалық іс-шараларды тұрақты өткізу және тұрғындардың инсульт туралы хабардарлығын арттыру мәселелері талқыланды.
«FAST Супербатырлар» бағдарламасы – инсульттің алдын алуға, оның белгілерін ерте анықтауға және дер кезінде медициналық көмек көрсетуге бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. Мұндай семинарлар халықтың медициналық сауаттылығын арттыруға, қоғамдық денсаулықты нығайтуға және инсульттен туындайтын асқынулардың алдын алуға ықпал етеді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/departament-kkbtu-mangistau/press/news/details/1218092?lang=kk

Жауап қалдыру