Көктемгі дала жұмыстарының барысы талқыланды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысып, көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Аймақта вегетациялық кезеңге арналған су лимиті 3 млрд 250 млн текше метр болып бекітілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 650 млн текше метрге аз. Осыған байланысты 185,8 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған.
Мемлекет басшысының су үнемдеу тапсырмасына сәйкес, биыл күріш алқабы 10,9 мың гектарға қысқартылып, 70 мың гектар болды. Кейінгі төрт жылда күріш көлемі 19 мың гектарға немесе 21%-ға азайған.
Қажетті 65 600 тонна тыңайтқыштың 97 пайызы сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техникалары 100 пайыз дайын. Көктемгі егіске мемлекет тарапынан 10144 тонна арзандатылған дизель отыны бөлініп, кестеге сәйкес жеткізілуде.
«Қысқартылған күріштің орнына суды аз қажет ететін дақылдар, оның ішінде жүгері 15 мың гектарға отырғызылады. Күріш себу 22 сәуір күні басталып, бүгінде 35700 гектары егілді. Маусымның 1-не дейін аяқталады. Көктемгі дала жұмыстары қарқынды жүргізілуде, тұқыммен 100 пайыз қамтамасыз етілген», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Үкімет отырысынан кейінгі мәжілісте осы және өзге де мәселелер талқыланып жауапты сала басшыларына бірқатар тапсырма жүктелді.
«Шаруашылықтарды вегетациялық кезеңде суармалы сумен қамтамасыз ету ерекше бақылауда болуы тиіс. Су лимитінің магистральді және шаруашылықаралық каналдармен егіске алынуына, ауыспалы егіс тәртібінің сақталуына тұрақты мониторинг ұйымдастырыңыздар.
Аймаққа келген су көлемін бақылауда ұстап, есебін қатаң жүргізу, вегетация кезеңінде су шаруашылығы нысандарының, насостардың үздіксіз жұмыс істеуін қадағалау керек.
Аз қамтылған азаматтарды жұмысқа тарту арқылы әлеуметтік тәуелділікті азайту, мүгедектігі бар және көпбалалы отбасыларды қорғау бағытындағы жұмыстарды күшейту маңызды.
Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру, дәрімен қамту және материалдық-техникалық базаны жақсарту арқылы медициналық көмекті қолжетімді ету керек», – деді аймақ басшысы.
Бұдан бөлек, өңірдегі құрылыс нысандарының сапасын қадағалау, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту, тозған электр және жылу желілерін азайту, газбен қамту көрсеткішін арттыру тапсырылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және инклюзивті білім беруге жағдай жасаған мектептердің үлесін ұлғайту жүктелді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kyzylorda-kazaly-kazaly/press/news/details/1218384?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді