
2026 жылы аудандағы егіс алқабы 249,6 мың га құрап, өткен жылмен салыстырғанда көлемі артты. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар 123,9 мың га, майлы дақылдар 103,7 мың га, мал азықтық дақылдар 21,8 мың га алқапқа егілмек. Аудан көктемгі егіс науқанына толық дайын: ауыл шаруашылығы техникалары 100% дайын, дала жұмыстарына түрлі модификациядағы 752 трактор жұмылдырылады.
Жыл басынан бері диқандар 1,3 млрд теңгеге 29 бірлік заманауи техника сатып алған. Тұқыммен 100% қамтылған, жалпы сомасы 1,2 млрд теңгеге 18 жеңілдетілген несие берілді. Қажетті минералды тыңайтқыштардың 64,4% сатып алынған. Көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауданға литрі 275 теңгеден, нарық бағасынан 47 теңгеге арзан 3,4 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Новопокров ауылдық округіндегі «Галицкое» ЖШС-нің егіс алқаптарын аралады. Кәсіпорын директоры Александр Касицын өңір басшысын егіс науқанының барысымен және инвестициялық жобалардың жүзеге асырылуымен таныстырды.
Шаруашылықтың жалпы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі шамамен 70 мың га құрайды. 2024 жылы мұнда 1,7 млрд теңге инвестиция көлемімен 553 га суармалы алқап пайдалануға берілді. Биыл кәсіпорын 1,4 млрд теңгеге 12 бірлік заманауи техника сатып алды. Сонымен қатар, «Галицкое» ЖШС сыйымдылығы 7,5 мың тонна болатын картоп-көкөніс сақтау қоймасын салу және көлемі 452 га жерді суармалы алқапқа айналдыру жобаларын жүзеге асыруда. Бұл жобаларға салынған жалпы инвестиция көлемі 3,6 млрд теңгеден асады.
Асайын Байханов аудан фермерлерімен де кездесті. Ашық диалог барысында мемлекеттік қолдау шаралары, ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу, техниканы жаңарту, қайта өңдеуді дамыту және агроөндірістің тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
– Қайта өңдеу, суару жүйесін дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған жобаларды қолдау қажет. Бұл – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуының негізі. Мемлекеттік қолдау ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге барынша тиімді жетуі тиіс, – деп атап өтті өңір басшысы.
Сондай-ақ облыс әкімі Қоңырөзек ауылдық округіндегі «Руслан» шаруа қожалығының алқаптарын аралады. Мұнда 80 га жерге қыша, ал 700 га алқапқа күнбағыс егілген.
Жұмыс сапары барысында аудан инфрақұрылымын дамытуға да ерекше көңіл бөлінді. Биыл Успен және Галицкое ауылдарында жалпы ұзындығы 5 км асатын көшелерге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Бұл көлік қатынасын жақсартып, тұрғындар үшін жайлылықты арттыруға мүмкіндік береді.
Успен ауылында Асайын Байханов Мира көшесі бойында салынып жатқан 36 пәтерлі тұрғын үйдің құрылыс алаңына да барды. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, құрылысты 2026 жылдың шілде-тамыз айларында аяқтау жоспарланып отыр.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша өңір басшысы Успен ауданы ауыл шаруашылығы саласында тұрақты өсім көрсетіп, инвестицияларды белсенді тартып, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келе жатқанын атап өтті. Облыс әкімдігі тарапынан диқандарды қолдау, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру және ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/pavlodar/press/news/details/1218298?lang=kk

Жауап қалдыру