
15–17 мамыр күндері Өскеменде ұлттық өнер мен мәдени мұраны дәріптеуге арналған «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалі ұйымдастырылады. Ауқымды мәдени іс-шараны Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ШҚО Мәдениет басқармасы өткізеді.
Фестивальдің негізгі алаңы ретінде Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнография және табиғи-ландшафтық музей-қорығының Сол жағалау кешені белгіленді.
Бағдарлама аясында қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, тәжірибелі шеберлерден шеберлік сабақтар, этнографиялық және мәдени-танымдық іс-шаралар өтеді.
Фестивальге Қазақстанның барлық өңірінен және шетелдерден 800-ден астам қолөнер шебері қатысады. Қатысушылардың туындыларын халықаралық деңгейдегі сарапшылардан құралған қазылар алқасы бағалайды.
Мерекенің басты ерекшелігі әрі ең әсерлі сәттерінің бірі — «Аламан құрақ» жобасы аясында ұзындығы екі шақырымнан асатын алып құрақ көрпенің таныстырылымы болмақ. Ұйымдастырушылар фестиваль күндері жаңа әлемдік рекорд ресми түрде тіркеледі деп күтуде.
«Ғасырлық дәстүрлер» жобасының негізгі мақсаты — ұлттық құндылықтарды насихаттап, халқымыздың ғасырлар бойы сақталған мәдени мұрасын келер ұрпаққа жеткізу. Ұйымдастырушылар қала тұрғындары мен қонақтарын айтулы мәдени іс-шараның куәсі болуға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1217604?lang=kk

Жауап қалдыру