ШҚО әкімі медбикелерді кәсіби мерекемен құттықтады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңір медбикелерін кәсіби мерекемен құттықтады:

«Бүгін Халықаралық медбикелер күні атап өтілуде. Шығыс Қазақстан облысында 7490 медбике жұмыс істейді.  Сіздер Гиппократ антын қабылдап, оған адал болып келесіздер. Күндіз-түні науқастарға күрделі әрі жедел көмек көрсетуге әрдайым дайынсыздар.

Біз әр аудан мен ауылда кәсіби медициналық мамандардың қызмет етуі қажет деп санаймыз. Осы мақсатта өңірде «Дипломмен – ауылға!» республикалық бағдарламасы жүзеге асырылуда. Денсаулық сақтау саласындағы жас мамандарға ауылдарда тұрғын үй және жергілікті әкімдіктер арқылы 100 АЕК көлемінде көтерме жәрдемақы беріледі.

Сондай-ақ біздің медбикелер дәрігерлермен қатар шетелде білімін жетілдіруде. Бүгінде аудандық ауруханалардың 24 медицина қызметкері шетелде оқудан өтті. Жергілікті деңгейде де медбикелер білімін арттыруда. Мәселен, өткен айда облыстық диагностикалық орталық базасында өңірдегі медициналық ұйымдардың 104 қызметкері оқудан өтті. Ол  алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен атеросклерозды емдейтін стационарларға дейінгі барлық деңгейді қамтыды.

Оқыту «2024–2026 жылдарға арналған қан айналымы жүйесі аурулары бойынша Жол картасын» іске асыру аясында ұйымдастырылды.

Шығыс Қазақстан облысының барлық медбикелерін кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әр науқасқа жауапкершілікпен қарап, жанашырлық танытуды талап ететін жанкешті әрі тынымсыз еңбектеріңіз үшін алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін! Мереке құтты болсын!», – деді облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/akimvko/press/news/details/1218209?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді