
Таразда 500-ден астам оқушының қатысуымен нашақорлыққа қарсы іс-шара өтті
Тараз қаласындағы №67 орта мектепте Жамбыл облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, Әулиеата аудандық полиция бөлімі, білім бөлімі мен Жастар ресурстық орталығының өкілдері оқушылармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның құрметті қонағы — Жамбыл облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ взводының командирі, тактикалық атудан Қазақстан чемпионы («Dubai SWAT Challenge–2025»), ММА спорт шебері және еркін күрестен спорт шеберлігіне үміткер Жамбыл Жексембі болды.
Ол оқушыларға өзінің кәсіби жолы туралы айтып, тәртіптің, спортпен айналысудың және зиянды әдеттерден аулақ болудың маңызын атап өтті.
Полицейлер жасөспірімдерге есірткіні қолданудың зияны мен оны заңсыз айналымға жібергені үшін қарастырылатын қылмыстық жауапкершілік туралы түсіндірді.
Сонымен қатар, қызметтік иттердің жұмысын көрсеткен кинологиялық қызметтің өнер көрсетуі оқушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Кездесуге 500-ден астам оқушы қатысты. Іс-шара ашық диалог форматында өтіп, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-zhambyl/press/news/details/1218107?lang=kk

Жауап қалдыру