Ақмола облысының жас білімпаздары марапатталды

Жарияланды:

Автор:

категорияда

«Болашақ сарайында» Ақмола облысының дарынды мектеп оқушылары облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевпен кездесті. «Жас дарын – Жаңа мүмкіндік» атты кездесуге аудандар мен қалалардан республикалық және халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалар байқауларының 80-нен астам жеңімпазы қатысты. Кездесу ашық диалог форматында өтті, онда қатысушылар білім беру, талантты балаларды қолдау, өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуетін арттырудың өзекті мәселелерін талқылады.

Досұлан Айтбаев қатыcушыларға облыс әкімінің құттықтауын жеткізіп, әрбір жетістік – бұл тек жеке табыс қана емес, оқушылардың, мұғалімдер мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі екенін тілге тиек етті.

«Президент еліміздің болашағы білімді, прогрессивті және бәсекеге қабілетті жастардың қолында екенін бірнеше рет атап өтті. Бұл – сіздерге жүктелген үлкен сенім мен зор жауапкершілік. Сондықтан мемлекет тарапынан сапалы білім алу, ғылыммен айналысу, заманауи технологияларды меңгеру және әр баланың қабілетін ашу үшін барлық қажетті жағдайлар жасалуда», – деп атап өтті Досұлан Айтбаев.

Мектеп оқушыларының командалық жетістіктері ерекше мақтаныш ұялатады. Ауыл мектептері арасындағы республикалық олимпиаданың финалдық кезеңінде жаратылыстану-математика бағыты бойынша Ақмола облысының командасы II орынды, қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша – үшінші орынды иеленді. Республикалық ғылыми жобалар конкурсында жаратылыстану-математика бағыты бойынша ақмолалықтар үшінші жалпыкомандалық орынды қанжығаға байлады. «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық компьютерлік жобалар конкурсында жас өнертапқыштар 10 медаль жеңіп алды.

Кездесуде мектеп оқушылары білімдегі жоғары жетістіктері үшін ақшалай сертификаттармен марапатталды.

Айта кету керек, 2025–2026 оқу жылы жеңіске толы жыл болды: өңірдің мектеп оқушылары республикалық және халықаралық олимпиадалар мен конкурстарда 160 медаль жеңіп алды, оның 25-і алтын медаль. Барлығы білім жарыстарына 3469 мектеп оқушысы қатысып, оның 1375-і марапаттарға ие болды.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/aqmola/press/news/details/1219400?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді