
1 Жеке тұлға жалдамалы қызметкерлердің еңбегін пайдаланбай, табыс табады, егер алынған табыс 360 еселенген АЕК мөлшерінен асса, мұндай тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті ме?
Сұрақ: Жеке тұлға жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайды, тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету арқылы салық агенттері болып табылмайтын тұлғалардан табыс алады. Алынған табыс 360 еселенген АЕК мөлшерінен асқан жағдайда, мұндай тұлға жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге міндетті ме?
Жауап: Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 29 қазандағы № 375-V ҚРЗ ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 35-бабының 2-тармағына сәйкес, жеке кәсіпкер ретінде міндетті мемлекеттік тіркеуге келесі шарттардың біріне сәйкес келетін жеке тұлғалар жатады:
1.тұрақты негізде жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланатын;
2.Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес айқындалатын жеке кәсіпкерліктен жылдық табысы республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 360 еселенген мөлшерінен асатын жеке тұлғалар.
Сонымен қатар, Кәсіпкерлік кодекстің 35-бабының 3-тармағына сәйкес, тұрақты негізде жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын жеке тұлға Салық кодексінде белгіленген келесі табыстарды алған жағдайда жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы:
1.төлем көзінен салық салынатын табыстар;
2.жеке тұлғаның өзі салық салатын табыстар.
Салық кодексінің нормаларына сәйкес, жеке тұлғаның өзі салық салатын табыстарға, оның ішінде, салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға тауарларды өткізу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету арқылы алынатын табыс жатады.
Осылайша, жеке тұлға, алынатын табыс сомасына қарамастан, өзі салық салатын табыстарды алған кезде жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеуге құқылы.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/kgd-vko/press/news/details/1219153?lang=kk

Жауап қалдыру