ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ШЕГІРТКЕ ЗИЯНКЕСІНЕ ҚАРСЫ КҮРЕС ТАЛАПҚА САЙ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР

Жарияланды:

Автор:

категорияда
📌 Қазақстанда шегіртке тектес зиянкестердің 270-тен аса түрі мекен етеді. Оның ішіндегі ең қауіптісі – Марокко шегірткесі (Dociostaurus maroccanus). Ол ауыл шаруашылығына ең көп зиян келтіретін, аса қауіпті үйірлі шегіртке түрлерінің бірі. Бұл жәндіктер 1 шаршы метрге 200-300-ге дейін бірігіп әрекет етеді. Мерзімінде анықтап тиісті шараларды атқармаған жағдайда өсіп тұрған дәнді дақылдарды, жайылымдарды, жоңышқаны және басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарын талғамай жеп, шаруаларды шығынға батырады.
📌 Түркістан облысында зиянкеске қарсы күрес жұмысын үйлестіру үшін 2 штаб құрылған. Олардың бірі Арыс қаласында, екіншісі Келес ауданында орналасқан. Штаб облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің басшылығымен жұмыс атқарады. Мақсаты – Болжам орталығы ұсынған аймақтарда химиялық өңдеудің талапқа сай атқарылуын қамтамасыз ету.
📌 Штаб тарапынан 65 сектордағы жағдай күнделікті зерделенеді. Химиялық препараттың уақтылы қажетті мөлшерде жеткізіліп, мақсатты жұмсалуы қадағаланады. Дәріленген аймақтарды мобильді топтар тексеріп, нәтижесін штаб төрағасына баяндайды.
📌 Түркістан облысы бойынша шегіртке зиянкесіне қарсы 906,088 мың га аумақты зерттеу жоспарланған. Қазіргі таңда 847,5 мың га аумақ зерттелді. Оның 288,7 мың гектарында зиянкес экономикалық зиянды шегінен (ЭЗШ) асқан.
📌 Облыстағы 10 ауданда жалпы 287,8 мың гектар дәріленді. Өңдеу жұмыстарына 13-мамыр күні 168 арнайы техника, 27 су тасығыш көлік, мыңға жуық анықтаушы жұмылдырылған.
📌 Штабтың жүргізген мониторинг қорытындысымен химиялық өңдеу аяқталған секторлардың техникасы өзге қауіпті аймақтарға жолданды.
📌 58 техника – Келес ауданында, 41 техника – Сарыағаш ауданында, 31 техника Арыс қаласының аумағында жұмыс атқарып жатыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/ontustik/press/news/details/1219138?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді