
Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында 7 мамыр күні тыл еңбеккері, көпбалалы ана, Үміткер ауылының тұрғыны Азнабаева Ғалия апай өзінің айтулы 100 жылдық мерейтойын атап өтті.
Бұл ерекше қуанышқа ортақтасып, мерейтой иесіне алғыс білдіру үшін Бұқар-Жырау ауданының әкімі Е. Құсайын, аудандық мәслихат хатшысы А. Әли, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Г. Абжанова, сондай-ақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М. Исабаев арнайы келді.
Ғалия апайдың өмір жолы — табандылықтың, еңбекқорлықтың және отбасы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің айқын үлгісі. Соғыс жылдары ол әлі мектеп оқушысы бола тұра Молотов (қазіргі Пермь) қаласына фабрика құрылысына жіберіліп, ересектермен бірге ауыр жұмыстарға қатысып, құрылысқа кірпіш тасып еңбек етті. Соғыс кезіндегі қиындықтарға қарамастан, ол рухының беріктігін сақтап, адамдарға пайда тигізуге ұмтылды.
Кейін орыс тілін жақсы меңгеруінің арқасында Ақсу-Аюлы ауылында орыс тілі пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Ол бүкіл ғұмырын адал еңбекке және бала тәрбиесіне арнады. Ғалия апай 10 баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. «Ана даңқы» («Мать-героиня») және «Алтын алқа» медальдарымен марапатталған.
Отбасы Жаңақала, Үлгі ауылдарында тұрып, кейін Бабаев атындағы совхозға қоныс аударған. Зейнеткерлікке шыққанға дейін кітапханашы болып еңбек етті.
Қонақтар мерейтой иесіне ұзақ жылғы еңбегі, төзімділігі мен өнегелі өмір жолы үшін шынайы алғыстарын білдірді. Олар Ғалия апайға зор денсаулық, жан тыныштығын, ұзақ ғұмыр, бала-шағасының қамқорлығы мен мейірімін, үлкен отбасы ортасында амандық пен қуаныш тіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/social-buhar-zhyrau/press/news/details/1219411?lang=kk

Жауап қалдыру