Алматы мәслихатының депутаттары азаматтардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау мәселесін қарады

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Алматы қаласы мәслихатының кезектен тыс XLV сессиясы өтті. Сессия барысында қабылданған негізгі шешімдердің бірі 1986 жылы Желтоқсан оқиғасына қатысып, кейін ақталған азаматтарға берілетін біржолғы әлеуметтік көмектің мөлшерін 250 мың теңгеден 400 мың теңгеге дейін көбейту болды.

Қала әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен бұл төлем Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығы қарсаңында көбейтілді. Қолдау шарасы шамамен 800 азаматты қамтиды.

Мәслихат төрағасы Мейіржан Отыншиев тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихында ерекше орын алатын оқиғалармен тағдыры тығыз байланысты азаматтарға қолдау көрсету мен оларға тұрақты назар аударудың маңызын атап өтті.

Сонымен қатар депутаттар әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына қолдау көрсету тәртібін реттейтін мәслихат шешіміне енгізілетін өзгерістерді қарады. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында және халықты әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығы мен тиімділігін арттыруға, сондай-ақ оларды біріздендіруге бағытталған ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес әзірленген.

Өзгерістер қолданыстағы әлеуметтік көмек тетіктерін бірыңғай республикалық тәсілдерге сәйкестендіруге және халықты қолдау жүйесін жетілдіруге бағытталғаны айтылды.

Атап айтқанда, мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы тетіктерін ескере отырып, әлеуметтік көмектің жекелеген түрлерін жаңарту көзделген. Бұл тұрғын үйлерге газ тартуға, көпбалалы отбасылардан шыққан үздік студенттерді қолдауға, табыс деңгейі ескерілмейтін кейбір төлемдерге, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққан азаматтарды қолдауға, сондай-ақ көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үй сертификаттарына қатысты.

Сонымен бірге аталған қолдау шаралары басқа мемлекеттік бағдарламалар мен әлеуметтік қолдау құралдары аясында сақталады.

Бұдан бөлек, сессия барысында ведомствоаралық комиссиялар мен штабтардың құрамын жаңартуға қатысты мәслихаттың бірқатар шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі қаралды. Бұл өзгерістер мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтуге, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа, есірткі қылмысына және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелеріне мәслихат депутаттарының, аудан әкімдіктері мен жауапты құрылымдардың қатысуын кеңейтуге бағытталған.

Сондай-ақ, Алматы қаласы бойынша Тексеру комиссиясының мүшесін тағайындауға және «AMANAT» партиясынан сайланған Алматы қаласы мәслихатының депутаты Игорь Проценконың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға қатысты кадрлық мәселелер қаралды.

 

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/1220468?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді