
Астана қаласында 7-8 сынып оқушыларына арналған дәстүрлі республикалық «GeoStar» география олимпиадасы өтіп жатыр. Биылғы білім сайысы «Таза Қазақстан» акциясымен ұштастырылып, «GeoStar» аллеясының негізі қаланды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бүгін символикалық түрде 10 ағаш отырғызылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық бастама алдағы жылдары да жалғасын табады.
«GeoStar» олимпиадасы тек теориялық білімді тексерумен шектелмейді. Қатысушылар арнайы далалық турға қатысып, халықаралық олимпиадаларға дайындайтын мамандар әзірлеген авторлық тапсырмаларды орындайды.
«Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының директоры Жанар Бейсенбаева бұл бастаманың мәніне тоқталды.
«GeoStar – 7-8 сынып оқушыларына арналған дәстүрлі республикалық география олимпиадасы. Биыл оны «Таза Қазақстан» акциясымен байланыстырып, «GeoStar» аллеясының негізін қалауды бастадық. Бүгін символикалық түрде 10 ағаш отырғызылып жатыр. Алдағы жылдары бұл бастама жалғасады деп сенеміз. Олимпиаданың ерекшелігі қатысушылар тек теориялық тапсырмалар орындап қана қоймай, арнайы далалық турға да қатысады. Онда оқушылар халықаралық олимпиадаларға дайындайтын мамандар әзірлеген авторлық тапсырмаларды орындайды. Сонымен қатар жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталып, бір қатысушы Орталық Азия халықаралық олимпиадасына жолдама алады», – деді ол.
Олимпиадаға қатысушы Айша Ерхат та жоба туралы пікір білдірді.
«Біз «GeoStars» лигасына қатысып жатырмыз. Бұл жобаның ерекшелігі – теория мен тәжірибені қатар ұштастыруында. Яғни біз тек теориялық білім алып қана қоймай, оны іс жүзінде де қолданамыз. Ағаш отырғызып, табиғат аясындағы жұмыстарға қатысамыз. «GeoStars» бізге географияны тереңірек түсінуге және оны нақты өмірде пайдалануға мүмкіндік береді. Осындай жобалар арқылы біз болашақта Қазақстанның дамуына үлес қосып, экологиялық мәселелерді шешуге атсалысқымыз келеді.
Бүгін «Таза Қазақстан» акциясы аясында бірнеше ағаш отырғызамыз. Алдағы уақытта сол ағаштардың өсіп-жетілуін бақылап, күтім жасауға да атсалысамыз», – деді оқушы.
Айта кетейік, олимпиада ертең өз мәресіне жетеді. Қорытынды кезеңдер мен жеңімпаздарды марапаттау рәсімі де соңғы күні өтеді.
#ТазаҚазақстан #экология #TazaChallenge @TazaQazaqstan

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/astana/press/news/details/1220218?lang=kk

Жауап қалдыру