«ЭКСЖ» ұлттық жобасы аясындағы медиатренинг Шымкентте өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Шымкент қаласында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын ақпараттық сүйемелдеуге арналған медиатренинг өтті. Іс-шараға орталық мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектор өкілдерінің, табиғи монополиялар субъектілерінің, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Медиатренингтің мақсаты – энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бағытындағы жұмыстарды кеңінен түсіндіру, салалық ұйымдар мен БАҚ арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, сондай-ақ ұлттық жобаны іске асыру барысындағы өзекті мәселелерді талқылау.

Іс-шараны ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаев ашып, ұлттық жоба аясында жүзеге асырылып жатқан негізгі бағыттарға тоқталды.

Медиатренингке ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Керемқұлов қатысып, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласын дамыту және өңірлердегі жобаларды іске асыру мәселелері бойынша баяндама жасады.

Сондай-ақ спикерлер қатарында ҚР Энергетика министрлігінің Мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ернар Хасенов, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарушы директоры Руслан Төлегенов және «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Бағдат Азбаев сөз сөйледі.

Панельдік талқылау барысында ЭКСЖ жобасының өңірлерде іске асырылуы, коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту тетіктері, табиғи монополиялар субъектілерінің мәселелері және саланың өзекті бағыттары қарастырылды. БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға сала мамандары жан-жақты жауап берді.

Іс-шара қорытындысы бойынша қатысушылар энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту бойынша ақпараттық жұмыстарды күшейту және мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы тиімді ынтымақтастықты жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mps/press/news/details/1219508?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді