Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі сәйкессіздіктер мәселесі бойынша жиын өтті

Жарияланды:

Автор:

категорияда

       Ағымдағы жылы 13 мамырда  Атырау облысы әкімінің орынбасары  Ж.О.Бисембиевтың төрағалығымен Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі мәліметтер мен міндетті зейнетақы жарналары бойынша деректер арасындағы сәйкессіздіктер мәселесіне арналған кеңейтілген жиын өтті.

         Жиынға аудан және қала әкімдерінің орынбасарлары, Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы И.Аубакиров, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы П.Хасанов, Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары О.Адаев, сондай-ақ жауапты мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

         Кездесу барысында еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізілген мәліметтер мен міндетті зейнетақы жарналары бойынша ұсынылған деректер арасындағы сәйкессіздіктердің себептері жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар, еңбек қатынастарын заңдастыру, жұмыскерлердің әлеуметтік құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын уақытылы тіркеу және міндетті төлемдердің толық әрі дұрыс аударылуын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.

         Жиын барысында уәкілетті органдар тарапынан анықталған кемшіліктер мен өзекті мәселелер айтылып, оларды жою бойынша нақты тапсырмалар берілді. Әсіресе, еңбек шарттарын есепке алу жүйесіне мәліметтерді уақтылы енгізу, жалған немесе толық емес ақпараттарға жол бермеу, сондай-ақ міндетті зейнетақы жарналарының аударылуына тұрақты мониторинг жүргізу қажеттігі атап өтілді.

         Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде халықтың әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыруда еңбек қатынастарын заңдастырудың маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды барлық мүдделі мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі түрде жүргізуі қажет екенін жеткізді.

         Жиын қорытындысымен жауапты мекемелерге анықталған сәйкессіздіктерді қысқа мерзім ішінде реттеу, ақпараттық жүйелердегі деректердің нақтылығын қамтамасыз ету және түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша тиісті тапсырмалар берілді.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/atyrau-inspekciya/press/news/details/1219869?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді