
Қарағанды облысының мұражайлары тұрғындар мен өңір қонақтарын дәстүрлі «Мұражай түні» және «Экспонат бенефисі» акцияларына шақырады. Келушілер үшін көрмелер, театрландырылған қойылымдар, шеберлік сабақтары, концерттер мен интерактивті алаңдар әзірленген.
Іс-шаралар облыстық бейнелеу өнері мұражайында, облыстық тарихи-өлкетану мұражайында, Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында және Теміртау тарихи-өлкетану мұражайында өтеді.

Мерекелік шаралар легін Қарағанды облыстық бейнелеу өнері мұражайы бастайды. Бүгін, 14 мамыр күні сағат 18:30-да мұнда «Сарыарқаның көркем шежіресі» көрмесінің ашылуы өтеді. Экспозицияға мұражай қорындағы ең маңызды туындылар қойылады. Сондай-ақ қонақтарға «Достық» клубының витраждары таныстырылады.
Клуб қатысушылары «Рококо» сән театры және «Образ» театр студиясымен бірлесіп театрландырылған қойылым ұсынады. Бұдан бөлек, келушілер үшін шығармашылық шеберлік сабақтары, интерактивті ойындар және «Қарағандылықтар ән шырқайды» атты концерттік бағдарлама дайындалған.

15 мамыр күні сағат 17:00-ден түн ортасына дейін Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Мұражай түні» акциясы өтеді. Бағдарламада ретроавтокөліктер көрмесі, тарихи инсталляциялар, шеберлік сабақтары, интерактивті ойындар, концерт және тақырыптық фотоаймақтар бар.

16 мамыр күні сағат 18:00-де Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайында дәстүрлі «Мұражай түні» басталады. Қонақтарды театрландырылған қойылымдар, лагерь тұрмысының реконструкциясы, жанды музыка, ретрокөрме және фотоаймақтар күтеді.
Іс-шаралар сериясын жыл сайынғы «Экспонат бенефисі» мерекесі қорытындылайды. Ол 18 мамыр күні сағат 11:00-де Теміртау тарихи-өлкетану мұражайының алдындағы алаңда өтеді. Биыл ұйымдастырушылар көрмені бір ғана жәдігерге емес, адамзат дамуына ықпал еткен бірнеше өнертабыс пен нысанға арнауды ұйғарған. Экспозиция «Өркениет импульсі» деп аталады.
Келушілер тарихтағы ең маңызды жаңалықтар мен жетістіктерге қатысты 22 экспонатты тамашалай алады. Олардың қатарында доңғалақ пен үзеңгіден бастап медицина, өнеркәсіп және өзге де салаларға қатысты бұйымдар бар.
Мерекелік көңіл күйді Ғазиза Жұбанова атындағы өнер мектебінің музыка бөлімінің тәрбиеленушілері толықтыра түседі. Ал көркемсурет бөлімінің оқушылары өркениет дамуы мен прогресс тақырыбына арналған шығармашылық жұмыстарын ұсынады.
Жыл сайын Халықаралық мұражайлар күні 18-мамырда атап өтіледі.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/karaganda/press/news/details/1219685?lang=kk

Жауап қалдыру