Музыкалық терапия көмектеспеді: павлодарлық тұрғын түнгі мазасыздық үшін сот алдында жауап береді

Жарияланды:

Автор:

категорияда

Күн сайын «102» пультіне ондаған шағым түседі: біреулер түн ортасында жөндеу жұмыстарын бастаса, енді бір жерде отбасылық жанжалдың дауысы бүкіл подъезге естіледі. Алайда павлодарлықтардың ерекше наразылығын түнгі уақытта қатты қойылған музыка туғызады — ол жұмыс күнінен кейін тынығуға мүмкіндік бермейді.

Кезекті оқиға Амангелді көшесіндегі үйлердің бірінде түнгі сағат 02:20 шамасында болған. Шуылдаған көршіден әбден шаршаған тұрғындар алдымен мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысқанымен, нәтиже шықпаған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлеріне пәтер иесі ішкі сырын жайып салған: сүйіктісімен қатты ұрысып қалған ол жалғыздықты қатты музыка тыңдау арқылы жеңбек болған,-деп хабарлады Павлодар облысы ПД.

Алайда тәртіп сақшылары меломанның жан күйзелісіне түсіністік танытпады — ер адамға тыныштықты бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Жыл басынан бері Павлодар облысында түнгі тыныштықты бұзған 1832 адам жауапкершілікке тартылған. Айта кетейік, мұндай құқықбұзушылық үшін 5 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған, ал бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл 10 АЕК-ке дейін өседі.

Еске сала кетейік, тұрғын үйлерде тыныштық режимі жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-тен 10:00-ге дейін сақталуы тиіс.

Полиция тұрғындарды заң талаптарын сақтауға және көршілермен тату қарым-қатынасты бұзбауға шақырады.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/mvd-pavlodar/press/news/details/1220125?lang=kk


Комментарии

Жауап қалдыру

Сіздің электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Қажетті өрістер * белгісімен белгіленеді