
Бүгін бейнеконференция байланысы режимінде Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры Берік Асылов Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің бас прокурорларының 23-отырысына қатысты.
Іс-шараға Беларусь, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанның қадағалау органдарының басшылары қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар қылмысқа қарсы күрестегі трансшекаралық ынтымақтастық, құқықтық көмек тетіктерін жетілдіру, қаржылық құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл, заңсыз шығарылған активтерді қайтару, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратура органдары арасындағы жедел ақпарат алмасудың тиімді жүйесін қалыптастыру мәселелерін талқылады.
Қазақстанның Бас Прокуроры интернет-алаяқтықты, есірткі қылмыстарын және цифрлық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын өзге де құқық бұзушылықтарды анықтау мен жолын кесу бағытындағы жұмыстар туралы шетелдік әріптестерді хабардар етті. Сонымен қатар қазіргі заманғы трансұлттық сын-қатерлерге қарсы күресте жедел ақпарат алмасу мен күш-жігерді үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.
Ол Қазақстан Республикасы Президентінің ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ынтымақтастығын нығайтуға, сондай-ақ цифрландыру және жасанды интеллект бағыттарындағы әріптестікті дамытуға ерекше назар аударатынын айтты. Осыған байланысты қазақстандық тарап ШЫҰ Даму стратегиясы аясындағы халықаралық серіктестікті кеңейту қажеттігін атап өтіп, бірлескен практикалық шараларды жандандыруға шақырды.
Сонымен қатар Б.Асылов интернет-алаяқтықтың жаңа схемалары туралы жедел ақпарат алмасуды күшейтуді, анонимді цифрлық сервистер мен криптовалютаны заңсыз мақсатта пайдаланатын тұлғаларды анықтаудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеуді ұсынды. Осы мақсатта ШЫҰ Хатшылығы базасында қорғалған платформа құру бастамасын көтерді.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің прокуратура органдары арасындағы өзара іс-қимылдың алдағы бағыттарын айқындайтын тиісті Хаттама қабылдады.
Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/prokuror/press/news/details/1220433?lang=kk

Жауап қалдыру