
Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары Әзербайжан Республикасының Әділет министрлігі жанындағы Әділет академиясындағы шетелдік тағылымдаманы аяқтады
Баку қаласында Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот төрелігі академиясы мен Әзербайжан Республикасының Әділет министрлігі жанындағы Әділет академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум аясында ұйымдастырылған Сот төрелігі академиясы магистранттарының екі апталық білім беру тағылымдамасы аяқталды.
Тағылымдама болашақ судьяларды тәжірибеге бағдарланған даярлаудың маңызды бөлігіне айналып, сот төрелігін жүзеге асыру, сот әкімшілігі және заңгерлік білім беру саласындағы заманауи тәсілдерді зерделеуге бағытталды.
Бағдарлама аясында магистранттар Әзербайжан Республикасы Жоғарғы Сотының судьяларымен, сот-құқықтық қоғамдастық өкілдерімен, Әділет академиясының профессор-оқытушылар құрамымен, сондай-ақ құқық саласындағы жетекші мамандармен дәрістерге, практикалық сабақтарға және сараптамалық талқылауларға қатысты.
Тағылымдама барысында келесі мәселелерге ерекше назар аударылды:
— сот практикасының бірізділігін қамтамасыз ету;
— кассациялық іс жүргізудегі заманауи тәсілдерді қолдану;
— сот қызметін цифрландыру;
— ғылым мен сот практикасының өзара байланысы;
— азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істерді қарау ерекшеліктері.
Магистранттар сондай-ақ Әзербайжан Республикасының Конституциялық Сотының, Жоғарғы Сотының және түрлі сатыдағы соттарының қызметімен танысып, сот жүйесінің жұмыс істеу тетіктерін зерделеп, кәсіби тәжірибе алмасты.
Тағылымдама барысында алынған білім мен практикалық дағдылар болашақ судьялардың кәсіби құзыреттерін дамытуға, сот төрелігін жүзеге асырудағы заманауи тәсілдерді енгізуге, сондай-ақ соттық білім беру жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
Судья кадрларын даярлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту Жоғары Сот Кеңесінің жетекшілігімен жүзеге асырылып, озық білім беру тәжірибелерін енгізуге, болашақ судьялардың кәсіби әлеуетін нығайтуға және сот төрелігінің сапасын арттыруға бағытталған.

Ақпарат көзі : https://www.gov.kz/memleket/entities/vss/press/news/details/1220404?lang=kk

Жауап қалдыру